«Самұрық-Қазына» АЭС салатын серіктестерін іріктеуді бастады ма?

Жарияланды

«Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов шетелдік әріптестермен Қазақстанның энергетика саласын дамыту, соның ішінде атом өнеркәсібі мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды компания баспасөз қызметі.

«Астанада «Самұрық-Қазына» қорының стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов шетелдік әріптестермен Қазақстанның энергетика саласын дамыту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Француз дипломаттарымен кездесуде атом өнеркәсібі саласындағы ағымдағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастықтың әлеуетті жолдары талқыланды», делінген хабарламада.

Келіссөздерге «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының басшылығы қатысты.

Корея Республикасының делегациясымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бірлескен инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалар талқыланды. «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері Қор кореялық тараппен ағымдағы және болашақ жобаларда ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.

Атом қуаты халықаралық агенттігінің мамандары Қазақстанға келіп, 27 ақпан-3 наурыз аралығында еліміздің атом-энергетика инфрақұрылымына инспекция жүргізіп жатыр. Миссия шеңберінде Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде бірінші АЭС салу жөніндегі мәселелердің кең спектрін қамту жоспарлаған.

Бұған дейін Энергетика министрлігі 2035 жылға дейінгі жоспар бойынша Қазақстанда 2,4 ГВт атом қуаты салынатынын хабарлаған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында  Қазақстанда  АЭС салынатын жер анықталғанын айтып өтті.

2022 жылдың маусым айында Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті. 

Қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ АЭС салуды ірі 16 инвестициялық жоба қатарына енгізіп, Қазақстандағы АЭС құрылысы 2032 жылы аяқталуға тиіс деп мәлімдеген болатын.

Жыл басында министр Болат Ақшолақов Қазақстанда салынатын АЭС-қа реакторлық технология биыл таңдалатынын айтты.  

Сондай-ақ оқыңыз