Сенат бөлшек салықты 4%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін заңды мақұлдады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Cенат депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін қолданысқа енгізу туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Сенат депутаты Бекболат Орынбековтың айтуынша, заң жобасын талқылау және оны екінші оқылымға дайындау барысында құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болды.

Бөлшек салық бойынша арнаулы салық режиміне қатысты режимді 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалану мүмкіндігін беру, салық кодексінің бөлшек сауда жөніндегі тарауының қолданысын қалпына келтіру, қызмет түрлерін қоғамдық тамақтану саласы ғана емес, үкімет қаулысымен айқындалатын тізбесімен кеңейту туралы түзету енгізілген.

«Салық мөлшерлемесін 6%-дан 4%-ға дейін төмендету, мәслихаттарға мөлшерлеменің 50%-ға, яғни 4%-дан 2%-ға дейін төмендету құқығын беру де бар», – деді сенатор Бекболат Орынбеков.

Сондай-ақ заңға енгізілетін түзетулер банктер мен микроқаржы ұйымдарының стрестік активтеріне қатысты болып отыр.

«Жеке инвесторларды стрестік активтерді сатып алушылар тізіміне енгізу, резидент инвесторлардың салықтарды кассалық әдіс бойынша төлеу барысында салық режимінің пайдалануын, яғни кодекстің 233-бабының 2-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес, борышкер төлеген сомма мен қарыз (микрокредит) бойынша талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырманың қолданылуын көздейді», – деді сенатор.

Айтуынша, бейрезидент инвесторлар үшін қазір кодексте салық салудың жекелеген тәртібі айқындалған. Ол есепке жазу әдісін қолдануды және тиісінше толық алынбаған кірісті қоса алғанда, бүкіл табыстан салық төлеуді міндеттейді.

«Бұл бейрезидент шығыстарының ұлғаюына және стрестік активтердің инвестициялық тартымдылығының төмендеуіне алып келеді», – деді Бекболат Орынбеков.

Стрестік активтерді сатып алушы резиденттер мен бейрезиденттер арасында салық салу шарттарын теңестіру мақсатында бейрезидент сатып алушыларға резидент сатып алушылар үшін көзделген салық салу тәртібіне ұқсас әдісті қолдануды талап ететін Салық кодексінің 644 және 645-баптарына түзетулер енгізілді.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы мақұлданды.

«Қабылданған заң елімізде салық заңнамасын одан әрі жетілдіру үшін әзірленді. Атап айтқанда, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, халықтың көші-қон саласындағы салық ережелерін нақтылайды. Сенат бұл заңға бірқатар өзгеріс енгізіп отыр. Олардың бір топтамасы бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне байланысты. Бұл салық режимі пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет басшысының тапсырмасымен уақытша енгізілген еді. Мұндай шара шағын және орта бизнес субъектілеріне демеу болып, тиімділігін көрсетті, – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Айтуынша, сол себепті бөлшек салықты қалпына келтіріп, оның жұмысын мерзімсіз ету үшін тиісті түзетулер енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыз