Жаңалықтар

Жер қойнауын пайдалану платформасы әзірленді

Жер қойнауын пайдаланушыларды бақылайтын платформа енгізіледі. Фото: kursiv.media

«Minerals.gov.kz». жер қойнауын пайдалану платформасы әзірленді. Ол геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге, лицензиялық учаскелерді бөлуге, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігі мен қызметінің мониторингін қалыптастыруға арналған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.

«Бұрын геологиялық есептерді зерттеуден бастап лицензия алуға және жыл сайынғы есептерді ұсынуға дейінгі барлық процестер қағаз жүзінде жүргізілген еді. Сонымен қатар, тексеру үшін деректердің жеткіліксіздігіне байланысты көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен қателіктері орын алған болатын. Енді жер қойнауын пайдаланушылар мен әлеуетті инвесторларға іргелес инфрақұрылымнан бастап, геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі электрондық форматта сұралған учаске туралы толық мәлімет қолжетімді болады», делінген хабарламада

Платформада қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге өтінімдерді қабылдау, қарау және лицензия беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатырБұған қоса, онлайн қабылдаумен қатар, тіпті қағаз түрінде берілген өтінімдер де тіркелетін болады. Осылайша,  Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексте көзделген «бірінші келген – бірінші алады» қағидаты бойынша жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауына қол жеткізу құқығын сақтаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Министрлік дерегінше, платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелген. Ағымдағы жылы кем дегенде 24 мың есепті зерделеу картасын толықтыру жоспарланып жатыр. Жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарының орындалуын мониторингілеу бойынша жаңа функциялар әзірленетін болады.

Платформаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қатысуымен әзірлеген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бұл жобаны Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүзеге асырған болатын, бірақ кейін бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына берілді.