Ақтау қаласының әкімдігі қала әкімі Ербол Ізбергеновке не себепті айыппұл салынғанын түсіндірді. Жеке меншік фирмаға тиесілі жердің нысаналы мақсаты уақтылы өзгертілмеген екен. Өйткені компания шаруашылық блок орналасады деген жерге көп қабатты үй салғысы келген. Ал ол жер теліміне тұрғын үй салу ыңғайсыз, оның үстіне 9 шағын аудан тұрғындары қарсы шыққан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2020 жылдың қазан айында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Каспий Кетік Құрылыс» ЖШС-іне Ақтау қаласындағы 9-шы шағын ауданда жер учаскесін сенімді басқаруға берген. Оны сатып алуға да рұқсат берілді. Артынан жеке меншік фирма жердің нысаналы мақсатын ауыстыруды сұрапты.
Бас кезінде шаруашылық блок орналасады деген жерге тұрғын үй кешенін салмақ болған. Бірақ әкімдік учаскенің нысаналы мақсатын өзгертпеді. Ал құрылыс компаниясы әкімді сотқа берді. 2022 жылы қыркүйек айында сот әкімді жер учаскесінінің нысаналы мақсатын өзгертуге міндеттегенімен, шешім орындалмаған. Әкімдік сот шешімін орындамау себебін түсіндірді.
«Әкімдік бірнеше маңызды мәселені ескерді. Үйлердің арасында тағы бір тұрғын-үй кешені салынса, инженерлік желілерге (су, жылу, электр энергиясы және тағы басқа) түсетін жүктеме артады. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды ұйымдастыру, яғни, тұрақ орындары мен балаларға арналған ойын алаңдары жағынан проблема туындайды. Шағын ауданда көлік кептелісі күшейеді. Сосын 9-шағын ауданының тұрғындары да құрылысқа қарсы болды», – дейді мамандар.
Кеше Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергеновке сот шешімін орындамағаны үшін 50 АЕК мөлшерінде, яғни, 172 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Оны 5 күн ішінде төлеуі тиіс.
Ал сот шешімі 10 күн ішінде орындалуы шарт. Оны істемесе, 60 АЕК-ке көлемінде тағы айыппұл салынады.