eGov.kz және eGovMobile арқылы банкроттыққа өтінім беру басталды

Жарияланды
банкротство
Банкроттыққа өтініш беру басталды. Фото: Shutterstock

Бүгін елімізде жеке тұлғалардың банкроттығына өтініш беру басталды. Өтінішті eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

Портал мен мобайл қосымша арқылы «Соттан тыс банкроттық процедураны қолдану» мемлекеттік қызметін аласыз. Бұл қызмет соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану және тоқтату туралы өтініш беруді көздейді.

2023 жылғы 3 наурызда күшіне енген «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына сәйкес, банкроттыққа өтінішті борышкердің өзі ғана бере алады.

Өтініш берер алдында борышкер алдымен қажет құжаттарын жинап алуы тиіс. Сонымен қатар мына мәліметтерді тексеруі керек:

  • банк, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттік алдындағы берешек 5,5 млн. теңгеден аспауы тиіс және мерзімі кемінде 12 ай болуы керек;
  • ортақ меншікті мүлікті қоса алғанда, мүліктің меншік құқығында болмауы тиіс;
  • банктің немесе микроқаржы ұйымының шарт талаптарын өзгертуден бас тартқаны жайлы жауабын ұсыну қажет (банктің немесе микроқаржы ұйымының жауабы болмаған жағдайда борышкер өтінішінің көшірмесі немесе өтініштің электрондық форматта жіберілгені туралы растама);
  • егер қарыз 5 жылдан артық өтелмесе – жоғарыда аталған барлық шарттар ескерілмейді;
  • АӘК алатын борышкерлер 6 ай ішінде осы рәсімді қолдану үшін мерзімі өтіп кеткен уақытты есепке алмай өтініш бере алады;
  • мобильді азаматтар базасында (МАБ) борышкер мен жұбайының телефон нөмірінің тіркелгенін тексеру керек. Ұялы нөмірді тіркеу үшін сілтеме бойынша өтіңіз – my.egov.kz.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин қажетті құжаттарды жинамай жатып, банкроттыққа өтініш берудің мәні жоқ дейді.

«Құрметті пайдаланушылар, eGov.kz порталы мен Халыққа қызмет көрсету орталығында барып, қажетті құжаттарсыз өтініш берудің мәні жоқ: Алымен екінші деңгейлі банктерден қажетті қағазды алыңыздар. Осыдан кейін ғана жеке тұлғаның банкроттығына өтініш беруге болады» деді ол.

EGov.kz порталындағы жаңа қызметті порталдың басты бетінде және «Азаматтарға» – «Кеден және салықтар» – «Экономика және қаржы» бөлімінен табуға болады. Дәл сондай қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасының «Арнайы қызметтер» бөлімініне табуға болады.

Соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін: 

  • ҚР-ның  жоғарыда аталған Заңында көзделген азаматты банкрот деп тану туралы соттан тыс арыз беру шарттарының сақталуын растау;
  • некеде болу жағдайында жарының ЖСН-ін көрсету;
  • несиелер бар қаржы институттары туралы мәліметтерді толтыру;
  • салық органын көрсету және құжаттардың көшірмелерін қосу;
  • АӘК алушы болса, белгі қою;
  • егер міндеттемелерді орындау мерзімі 5 жылдан астам болса, белгі қою;
  • өтінішке бір реттік құпия сөз немесе ЭЦҚ арқылы қол қою;
  • өтінішті жібергеннен кейін өтініш берушінің жары Жеке кабинетте өтінішті мақұлдайды.

Қызмет нәтижесі 15 жұмыс күні ішінде Жеке кабинетте шешімге сілтеме түрінде пайда болады. Шешімді ҚР ҚМ сайтынан қарауға болады. Соттан тыс банкроттық рәсімі 6 айға дейін созылады.

Сонымен қатар, аталмыш қызмет банкроттық туралы соттан тыс іс жүргізуді тоқтату туралы өтініш беруді қарастырады. Рәсім пайдаланушы туралы ақпарат жарияланған күннен бастап 6 айда қарастырылады.

2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды.

Заңда 3 түрлі рәсім көзделген. Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Екінші рәсім – сот банкроттығы. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Бұған дейін қарызы бар 1,1 млн азаматтың 95%-ы соттан тыс банкроттық рәсімдей алатыны айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз