Елімізде сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту үшін германиялық тәжірибені енгізу жоспарланып отыр

Жарияланды

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтында сейсмикалық қорғау жүйелерін әзірлеуге маманданған германиялық Maurer компаниясы өкілдерінің қатысумен семинар өткізілді. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған іс-шарада тектоникалық тербеліс пен басқа да сейсмикалық жағдайларда өнеркәсіптік-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардың беріктігін арттыруға арналған технологиялар таныстырылды. Мәселен, Maurer компаниясының даму және құрылыс динамикасы бағытының басшысы Петер Хубер мен аталған компанияның Шығыс Еуропа әрі ТМД-дағы сауда жөніндегі өңірлік директоры Марк Бреслер Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Оңтүстік пен Солтүстік Америкада сынақтан өткен бірқатар жаңа сейсмикалық қорғаныс конструкциясын ұсынды. Оның ішінде маятникті оқшаулағыштардың заманауи конструкциялары, тербелістерді бейтараптандыруға арналған жеті сатылы бәсеңдеткіш пен эластомерлі тірек элементтерінің артықшылығы түсіндірілді.

«Сейсмикалық оқшаулау тәсілінің негізгі идеясы тербеліс кезеңін барынша арттыруда жатыр. Осы арқылы ғимаратқа түсетін жүктеме төмендейді. Өйткені тербеліс неғұрлым ұлғайған сайын конструкция элементтеріндегі үдеу әсері соғұрлым азая түседі. Бұл орайда ғимараттың қозғалуын бәсеңдету тұтастай тербелісті тежеуге мүмкіндік беретінін айта кетейік», деді П.Хубер.
Ал Марк Бреслер айтқандай, Еуропалық одақта ғимараттар мен құрылыстарды жобалауда көбінесе Еурокод-1998 стандарты қолданылады. Оның бірінші бөлігі ғимараттар мен құрылыстарға қатысты болса, екінші бөлігі көпірлерді реттеуге байланысты. Онда сейсмикалық оқшаулау компоненттері, атап айтқанда тірек конструкцияларын реттейтін нормалар белгіленіп, бұл Еурокод әртүрлі сейсмикалық оқшаулау жабдықтарын, оның ішінде оқшаулағыштар мен тербеліс бәсеңдеткіштерін әзірлеудің негізі саналады.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның Жоғары қабатты ғимараттардың сейсмикаға төзімді зертханасының меңгерушісі Жасулан Омаровтың пікіріне сүйенсек, еуропалық талапқа сай келетін заманауи сейсмикалық оқшаулағыш конструкциялар елімізде бұрыннан бері қолданылып келеді. Мысал ретінде ол бір маятникті сырғымалы тіректерде тұрған Алматыдағы «Метрополь» тұрғын үй кешенін келтірді.

Бұдан бөлек «ҚазҚСҒЗИ» АҚ мен Maurer-дің сарапшылары тәжірибе алмасу үшін Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының қызметкерлері мен студенттеріне дәріс өткізді. Таяу перспективада құрылыс материалдары мен конструкцияларды сертификаттау бойынша, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикаға төзімділігі мен қауіпсіздікті күшейтудегі германиялық тәжірибені Қазақстанда енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз