Қазақстан 25 кен орнында жер қойнауын пайдалануға құқық беретін аукцион өткізеді

Жарияланды
25 кен орны аукционға шығарылады. Фото: total.kz

2023 жылы 25 кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық беретін аукцион өткізіледі. Аукцион онлайн форматта өтеді Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев шетел елшілерімен кездесуі барысында айтты.

Бұл жиында министрлік құзырындағы салалар бойынша өзара ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.

«Аталған аукцион онлайн режімде, яғни ашық түрде өткізіледі. Оған еліміз бен шетелдік инвесторлар қатыса алады. Жер қойнауын игеретін инвесторларға қойылатын басты талаптардың бірі – өндірілетін минералды ресурс халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуі тиіс. Демек, бірінші кезекте жаңадан ашылатын өндіріс орындарында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуы қажет. Екіншіден, сол халықтың пікірін ескеріп, жергілікті әлеуметтік мәселелердің шешілуіне атсалысуы керек», деді Марат Кәрімжанұлы. 

Сондай-ақ министр аукционға қойылатын пайдалы қазбаларға байланысты шағын ақпараттық материалдар дайындалғанын айтты. Бұл арқылы әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы кез келген кен орнына қатысты мәліметпен танысып, соған сәйкес өзіне қажетті лотқа қатыса алады. Аталған ашық сауданың артықшылығы – адами фактордың орын алуына жол бермейді.

24kz арнасының хабарлауынша, бұл аукционға алтын, күміс және басқа да қатты пайдалы қазбал кен орындарын шығару жоспарланған. Қорлардың жалпы құны 46 миллиард долларға бағаланады.

2022 жылдың басында ел укіметі жер қойнауын пайдаланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензияларды қайта қарап жатқаны хабарланған. Осы талдау нәтижесінде уәкілетті органдар міндеттемелерін дұрыс орындамай отырған қатты пайдалы қазбаларға қатысты 148 және көмірсутек шикізатына қатысты 27 келісімшарт анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз