Билік 36 ай ішінде экономикалық реформа жасап үлгеруі керек – сарапшы

Жарияланды

Пандемиядан кейін және былтыр басталған экономикадағы тәуекелдер биыл бірден жоғалып кетпейді, тиісінше сол тәуекелдерді мүмкіндікке айналдыру қажет. Алматыда өткен дәстүрлі CFO Summit-ке қатысқан сарапшылар осындай тоқтамға келді.

Kazakhstan Growth Forum төрағасы Элдар Әбдіразақовтың айтуынша, инфляцияның жоғары қарқынмен өсуіне байланысты жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары биыл да жалғасады. Бұл өз кезегінде кейінге қалдырылған инфляцияның туындауына ықпал етеді. Сарапшы сөзінше, қолдан басқару ісі бизнесте операциялық шығындардың көбеюіне алып келеді.

Самитке арнайы қатысқан Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов биыл ел экономикасының өсу болжамын 4% деңгейінде сақтаймыз дейді.

«Былтыр Қазақстан экономикасы үшін сыртқы жағдай түбегейлі өзгерді. Бүкіл әлемдік экономикаға бұрын-соңды болмаған жоғары инфляция, пайыздық мөлшерлеменің өсуі, жаһандық өндіріс пен логистикалық тізбектің бұзылуы әсер етті. Қиындыққа қарамастан, экономикамыз тұрақты және жаңа жағдайға тез бейімделді. Ел экономикасы дамуының оң серпіні сақталды. 2022 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 3,2% болды. Негізгі драйверлер – инвестиция мен сыртқы сауда көлемі. Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9%-ға артып, 15,1 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестициялар ағыны шамамен 22,1 млрд доллар болды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға артық», дейді Тимур Жақсылықов.

Үкімет өкілі шетелдік кәсіпорындар релокациясының белсенді жүріп жатқанын, қазір Ресейден елімізге көшуге ниет білдірген 62 компанияның 19-ы қоныс аударды.

Вице-министрдің айтуынша, 2023 жыл жаһандық перспектива мен сын-қатер тұрғысынан оңай болмайды. Жоғары пайыздық мөлшерлеме, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық процесс пен санкциялық шектеу жаһандық перспективаға қысым жасауды жалғастырады.

«Салалық министрліктердің болжамын ескерсек, осы жылы біраз салада оң динамика қалыптасады. Сондықтан әзірге экономиканың өсу болжамын 4% деңгейінде сақтаймыз», деді.

Форумға шақырылған маңызды спикердің бірі – Алмас Чукин. Айтуынша, Қазақстанда реформа жасап үлгеруге 36 ай уақыт бар.

«Былтыр президентті 7 жылға сайладық. Былай қарасаңыз, жұмыс істеуге уақыт бар сияқты. Шын мәнінде олай емес. Өйткені мәжілісті 5 жылға сайлаймыз. 2027 жыл – сайлау алды жыл. Ол кезде ешкім реформамен айналыспайды, тек зейнетақыны көтеріп қояды (әзілдеп). Сол себепті биыл өзгеріс стратегиясын анықтап, 2024 жылы бағдарламаны іске қосып және оны енгізуге мониторинг жасап, 2025 жылы нәтижені бағалап, бағдарламаны түзету керек. 2026 жылы алғашқы нәтижелері көрінуі тиіс. Қазір бізде жұмыс құжаты жоқ. Егер биыл ештеңе бітірмесек, онда келер жылы ештеңені іске қоспаймыз, 2025 жылы да түк болмайды. Демек 2026 жылы бәрі сайлау деген қыр астында тұр, сосын айналысамыз дей бастайды», дейді Алмас Чукин.

Сарапшының пайымынша, бізге еркін бағаға негізделген нарықтық экономикаға өтетін кез жетті.

«Халықтың нақты табысы өсуі үшін экономика өсуі керек. Себебі, сонда ғана жұмыс күшіне деген сұраныс артып, жалақы өсімін ынталандыра бастайды. Электр, газ, отын, теміржол, жылу, су тарифтерін еркіне жіберу керек болғандықтан шара ауыр тиеді. Сондай-ақ импорттық өнімдерді шығару мен кіргізуге де шектеуді алып тастау керек. Бұл инфляция өсімі мен әлеуметтік қиындыққа алып келеді. Осыған байланысты бұл шок терапиясын біртіндеп және ақылды түрде іске асыру керек. 30 жыл бойы бағаны бақылау ауыр салдарларға алып келді. Бәрі теңгедегі ЖІӨ 100 трлн теңге межесінен асып түскен графикті көріп, риза болады. Бірақ 2004 жылдағы бағаға қатысты графикті көрер болса, онда өсім бізді соншалықты қуантпас еді. Мұны доллардағы ЖІӨ графигі де растайды», деді экономист.

Сарапшының айтуынша, қазір бюджеттегі трансферт үлесі – 23 пайыз. Егер оны 6 пайызға дейін түсіріп тастасақ, онда құрылым тепе-теңдігі бұзылатын түрі бар. Ол сондай-ақ бизнестің инвестицияға ақшасы қалуы үшін корпоративті табыс салығы төмендеуі, ал бәріне бірдей тең әсер ету үшін қосылған құн салығы көтерілуі тиіс деп санайды.

Сонымен бірге Чукин алдағы 7 жылда еңбекке қабілетті халық саны 1 млн-ға өсетінін айтып, олар үшін жұмыс орындарын құру маңызды екеніне тоқталды.

«Қазақстанда кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылық 7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте Ұлттық қор тарихи рекордқа жеткен 2014 жылдан бері оны белсенді пайдалана бастадық Нәтижесінде 2022 жылы біздің тәуелсіз қарызымыз (53 млрд доллар) Ұлттық қормен теңесті (55,7 млрд доллар) деуге болады. Бұл проблеманың бәрін инвестиция өсімі есебінен шешу қажет. ЖІӨ-ге қатысты тікелей шетелдік әсер үлесі кеміп барады. Оларды ынталандыру үшін нарықтық экономикаға өту керек», деп түсіндірді сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз