Жаңалықтар

Қазақстандағы бидай экспорты: бағасы арзандап, жөнелту қарқыны баяулады

Фото: Kursiv media

Қазақстандағы бидай экспорты биыл қиындық көріп отыр. Оған астық бағасының тым төмендеп кетуі, сонымен бірге сыртқы нарықтағы басты тұтынушы ел Иранның біздің ел өнімдерінен бас тарта бастағаны себеп. Осыған байланысты, Қазақстан бидай экспортының көлемін азайтты.

         Экспорт көлемінің азаюуына бірнеше факторлар әсер еткен. Соның ең біріншісі – бидай бағасының арзандап кетуі.  Ал бидай құнының түсуіне Ресейден келетін арзан бидай себеп болып отыр. Салыстырып қарасақ, Ресейден келетін бида тоннасы бүгінгі күні 93 мың теңге болса, Қазақстанның сыртқа экспорттап отырған бидайының құны 100-110 мың теңге көлемінде. Көрші елдің әлдеқайда арзан бидайы заңсыз жолдармен Орта Азия нарығына шығып кетіп жатқан жағдайлар да тіркелген. Бұл Орталық Азия елдеріне экспортталатын бидай құнын, айтарлықтай құлдыратып жіберді. Дихандар мұндай арзан бағада сатылатын бидайдың өз шығынын өтеуге де жетпейтінін айтып шағымданған.    

Ал екінші фактор – Қазақстан бидайының ең ірі тұтынушысы – Иран республикасының біздің өнімге деген сұранысының күрт төмендеуі. Бұл елдің Қазақстан бидайына деген қызығушылығының төмендеуіне өткен жылы  Иран жерінде бидайдың мол шығуы себеп. 2022 жылы бұл ел  4,9 миллион гектар жерден 1,5 миллион тонна бидай алған. Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық. Сондай-ақ соңғы кездері Иран мен Ресей арасындағы ынтымақтастық артуы да, Қазақстан бидайының экспорттағы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Ресей бидай экспортында Иран ең ірі тұтынушы елдер арасында екінші орында тұр. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылы Ресейден бұл елге 1.8 млн тонна бидай тасымалданған.
Сонымен қатар Қазақстан секілді Ресей де, бұл мәселеде тығырыққа тірелген. 2022 жылы рекордтық астық түсіміне байланысты Ресейдің де астық қоймаларында үлкен бидай қоры сақтаулы тұр. Көрші ел қоймаларында санкцияларға байланысты логистикалық қиындықтар туындауы себепті 2023 жылы Ресей дихандары өткізе алмаған құны 260 млрд рубльді құрайтын, ондаған миллион тонна бидай бар екен.

Ресей сарапшыларының пікірінше, бұл астық ұзақ сақталған сайын құны да арзандай береді. Сол себепті де мамандар мұндай тәуекелдердің алдын-алу мақсатында, Ресей ай сайын рекордтық көрсеткішке жақын  4 миллион тоннадан астам астық көлемін экспорттап үлгеруі керек деп санайды. Бұл дегеніміз, Қазақстан бидайының құны жақын күндері көтеріледі деген үмітті жоққа шығарады. Өйткені, санкциялармен әбден қыспаққа алынған көршіміз өз өнімінің бағасын бұдан әрі түсіріп, барынша сыртқы нарыққа көбірек бидай сатуға барынша тырысады.

Қазақстан экспортындағы жағдайға оралсақ, өткен жылдың ортасында Қазақстан үкіметі 2022-2023 жылғы  астық түсімінен Иран Ислам Республикасына 1 миллион тонна көлемінде дәнді дақылдар жеткізу туралы меморандумға қол қойды. Десе де, экспорт көлемін бұл көрсеткішке жеткізу қиындай түсетін секілді. Себебі Иран осы жылдың ақпан айында небары 6,6 мың тонна бидай сатып алған. Ал дәл бір жыл бұрын, яғни,  2022 жылдың ақпанында 101,8 мың тонна алған. Яғни өткен жылы 95,2 мың тоннаға артық сатып алған.

Жалпы, 2023 жылдың ақпанында Қазақстан 578,5 мың тонна бидай экспорттаған. Бұл көрсеткіштер 2022 жылдың ақпан айымен салыстырғанда 60 мың тоннаға аз. Экспорт көлемінің төмендеуі 2023 жылғы қаңтарда да байқалған-ды. Мәселен, 2022 жылы қаңтарда 583,4 мың тонна экспортталса, осы жылы 557,4 мың тонна бидай сыртқы нарыққа шыққан. Олардың ішінде көрші ел – Өзбекстан Қазақстан астығының негізгі сатып алушысына айналып үлгерді. Ол елге ақпан айында – 314 мың тонна бидай жіберілген. Одан кейінгі орында Ауғанстан – 83,6 мың тонна, Тәжікстан –  72,6 мың тонна, Түркіменстан – 46,2 мың тонна, Әзірбайжан – 38 мың тонна сатып алды.

Сонымен қатар, бидай бағасының түсуіне, өз еліміздегі логистикалық мәселелер де себеп болған. Экспортшылар транзиттік пойыздар жүретін темір жолдар жүктемесінің артуына байланысты кептеліс болатынын, сондай-ақ ҚТЖ ұлттық тасымалдаушысының локомотивтерінің аздығына байланысты жүктерді дәл мерзімінде жеткізу қиындағанын айтып шағымданған.

Евгений Карабанов, сарапшы, Қазақстан Астық одағының ресми өкілі: «Соңғы бірнеше аптада біз бидай бағасының құлдырағанын байқап жатырмыз. Бір айдың ішінде экспорттық бағалар күрт төмендеді. Мәселен, DAP Сарыағаш бидайының экспорттық бағасы тоннасына 285 доллардан, 265 долларға дейін түсті. Дәл осындай жағдай ішкі нарықта да байқалады. Ішкі нарықта бағалар 110 мыңнан 98 мың  теңгеге дейін төмендеді. Күзгі науқанда өнім алып, көктемде бағаның көтерілуін күткен дихандар ұтылып қалды. Егер олар, бидайды күзде сатқан болса, тоннасына 125 мың алған болар еді.  Ал қазір бидай тоннасы 100 мың теңге ғана», дейді.

Қазіргі таңда шаруаларды алаңдатып отырған арзандаған бағалар ғана емес, сонымен бірге жаңа науқан жұмыстарына қаражаттың жетпей отырғаны да қиындық тудырған.

«Шаруалар көктемгі науқанға кірісуі керек. Фермерлерімізге қазір жанар-жағармайға, дәнді-дақылдарға, тыңайтқыштарға қаражат қажет. Сол себепті олар, амал жоқ, бидайды арзан бағаға болса да сатып жатыр. Оған қоса, мемлекеттік қаржы институттарынан берілетін көмек кешіктіріліп жатыр. Сондықтан да, шаруалар үшін қазір оңай емес. Мұның тауар  өндірушілердің де экономикалық жағдайына оң ықпал ете қоймасы анық. Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егін жұмыстарына қосымша 70 млрд теңгеге сұраныс берді деп естідік. Оған қоса форвардтық сатып алу үшін, азық-түлік корпорацияларын бюджеттен капиталдандыру мәселесі қарастырылған екен. Шаруалардың ендігі үміті үкіметте. Мемлекеттік қаржыландыру институттары несиелеу көлемін арттырса жақсы болар еді», дейді маман.

Сонымен қатар, бидай құнына теңгенің күшейгені де өз әсерін тигізген. Яғни сыртқы нарықта сауда доллармен жүргізіледі. Ал доллардың арзандағанынан теңгеге шаққанда бидай арзанға түседі.
«Бұл жағдайға тек нарықтық тетіктер ғана емес, сонымен бірге валюталық фактор да өз әсерін тигізді. Бір жағынан арзандаған доллар, екінші жағынын сұраныстың төмендеуі жағдайды ушықтыра түсті», дейді Евгений Карабанов.

Бұл тығырықтан шығу қиын, десе де, жағдайды реттеудің амалдары жоқ емес дейді сарапшы. Ол үшін шаруаларға бірінші кезекте мемлекеттен берілетін көмек қомақты болуы керек екен.

«Мемлекеттік қаржы институттары арқылы несиелеу көлемін арттырып, көктемгі егіс науқанына қаржылай көмек көрсету керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы жүзеге асырылса, шаруаларды дәл қазіргі таңдағы қиындықтардан шығаруға болар еді», дейді сарапшы.    

Тасымалдау көлемінің азаюы, қазақстандық бидайдың экспорттық бағасының төмендеуі, Ресейдегі рекордтық астық түсімі, доллардың арзандауы – осының барлығы Қазақстанның бидай нарығындағы орнын жоғалтып алуына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Сол себепті де, Қазақстанның Астық өңдеушілер одағы Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасына ресейлік бидайдың елге контрабандалық жолмен әкелінуімен күресу бойынша ұсыныстарын жолдады. Бұл ұсыныстардың ішінде барлық шекаралық өткізу пунктілерінде жүк таразыларын орнату, сондай-ақ бидай тасымалын бақылап отыру үшін  құжаттарды «ФГИС Зерно» атты ресейлік жүйесіне интеграциялау сынды мәселелер қамтылған.   

Сонымен қатар, қазақстандық ұн экспорттаушылар да, өнім бағасы арзандап келе жатқанын айтып отыр.