2022 жылы республикалық бюджеттен ең қомақты трансферт Түркістан облысына бағытталған. Бұл облысқа былтыр 929.2 млрд теңге бөлінген. Облыс бюджеті кірісінің 85%-ын республикалық бюджеттен бөлінген қаржы қамтамасыз етіп отыр. Бұл – жергілікті бюджеттерге бағытталған бүкіл трансферттің 16.1%-ы.
Айта кетелік, 2021 жылы Түркістан облысына бағытталған трансферт үлесі жергілікті бюджеттің 86%-ын (757.6 млрд т.) құраған, деп жазады Jusan Analytics мамандары.
Еліміздегі жергілікті бюджетке республикалық бюджеттен түсетін трансферт үлесі, орта есеппен, бүкіл кірістің 57,8 пайызын құрайды. 2022 жылдың қорытындысы осындай нәтижені көрсетті. Бұл ретте Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында оның үлесі тіпті 70%-дан жоғары. Ал Алматы мен Атырау облыстарында 18%-дан аспайды,
Екінші орында – Жамбыл облысы. Бұл өңірге жолданған трансферт көлемі 2021 жылғы көрсеткішті қайталап, облыс бюджеті кірісінің 79%-ын құрады (438.3 млрд теңге).
Үшінші орында – Шығыс Қазақстан облысы (361.6 млрд теңге). Трансферт облыс бюджеті кірісінің 64%-ына тең болды (2021ж. – 66%).
Жаңадан ашылған облыстарды қоспағанда ең аз трансферт алған өңірлер: Маңғыстау және Атырау облыстары: сәйкесінше 138.2 және 124.0 млрд теңге.
«Бұдан басқа, 2022 жылы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге мемлекет тарапынан 2.0 трлн теңге сомасында жәрдемқаржы да берілді. Ең көп жәрдемқаржы тағы да Түркістан (402.3 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облыстарына (217.0 млн теңге) жолданды», – дейді К. Сейдахметова.
Оның айтуынша 2022 жылы жергілікті бюджеттерден ақшалай алынымдар 490.4 млрд теңгені құрады. Ақша донор-өңірлерден алынады. Бұл әдеттегідей Атырау мен Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары.
Айталық, жыл қорытындысы бойынша жергілікті бюджет профициті 213.9 млрд теңгені құрады.
Кіріс бұрнағы жылмен салыстырғанда 25.5%-ға, яғни 11 трлн теңгеге дейін артты (жоспар 1.2%-ға артығымен орындалды).
Кіріс Алматы қаласы (+39.8%), сондай-ақ Атырау (+35.7%), Павлодар (+30.4%) және Маңғыстау облысында (+29.7%) өскен. 2021 жылмен салыстырғанда бюджеттің кіріс бөлігінің азайғандығы Алматы (-9.2%) және Шығыс Қазақстан облыстарында (-4.2%) тіркелді.
Ал бюджеттің шығыс бөлігі 21.9%-ға өсіп, 10.4 трлн теңгені құрады.
Шығыстардың ең көп өсімі Астана қаласында (+39.1%), сондай-ақ Павлодар (+30.8%), Атырау (+28.4) және Маңғыстау облыстарында (+21.9%) тіркелді.
2 ақпан күні Сенатта 20232025 жылдарға арналған респуликалық бюджет талқыланып, сонда өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге бөлінетіні айтылған еді.