Төлқұжат пен жеке куәлікке өтінішті құжаттау терминалы арқылы беруге болады

Жарияланды
Кезекте тұрмай-ақ өзің өтініш бере бересің. Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ

Енді төлқұжат пен жеке куәлік алуға өтінішті терминал арқылы тапсыруға болады. Құжаттау терминалы арқылы азаматтар өз бетінше қажетті қызметтерге тапсырыс бере алады.

Бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа ХҚКО-да жаңадан орнатылған инновациялық жоба таныстырылған.

ҚР Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл жоба клиенттерге кезекте тұрмай, қызметке өздігінен тапсырыс бере алатынымен, сондай-ақ, құжат рәсімдеу барысында өзінің суретін таңдай алуымен ерекшеленеді.

«Бұрын тұрғындар өтініш беру үшін кезекте тұрып, көші-қон бөлімінен өтіп, төлем жасап, суретке түсуге 30 минутқа дейін уақыт жұмсауға мәжбүр болатын. Енді Құжаттау терминалының арқасында бұл қадамдарды 10 минут ішінде өтуге болады», – деп министр атап өтті.

Қазақстанда сұранысқа ие қызметтердің бірі төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеу. Мәселен, былтыр ХҚКО-ға бұл қызметті алу үшін 2,3 миллионнан астам азамат жүгінген.

«Біз ХҚКО-ларда мемлекеттік қызметтерді толық онлайн форматта көрсетуге ұмтыламыз. Оған қоса, азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімдерін қолдану үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр», – деп атап өтті Мемлекеттік Корпорацияның Басқарма Төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Терминалды пайдалану барысында клиент барлық деректерді өз бетінше толтырып, биометриялық сәйкестендіруден өтіп, суретке түсіп, қол қойып, соныңда QR-кодпен ЕДБ арқылы төлем жүргізу қажет. Терминал арқылы өтініш бергеннен кейін қызмет алушы өтінішті, суретті және қолтаңбаның сәйкестігін тексеру үшін көші-қон бөлімінің қызметкеріне жүгінуі керек.

Айта кетейік, 2023 жылы төлқұжатты алу үшін төленетін мемлекеттік баж 27 600 теңгені, жеке куәлік үшін 690 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, қолымыздағы телефон арқылы 38 түрлі қызмет алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз