Жаңалықтар

ТЖ министрі Юрий Ильин Түркиядан оралған құтқарушыларды марапаттады

спасатели
Фото: ҚР ТЖМ

ТЖ министрі Юрий Ильин Алматыда Түркиядағы жер сілкінісі салдарын жою жұмыстарына қатысып елімізге оралған құтқарушыларды марапаттады. Марапаттау рәсімі  Республикалық жедел-құтқару жасағының базасында өтті. Жалпы 60-тан астам қызметкер марапатталды, оның ішінде мемлекеттік наградалар, ҚР Президентінің Алғыс хаттары, сондай-ақ ведомстволық наградалар-медальдар мен төсбелгілер табыс етілді. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

ТЖ министрі Юрий Ильин Республикалық жедел-құтқару жасағы жеке құрамының алдында сөйлеген сөзінде оларды Түркия азаматтары ғана емес, отандастарымыз да мақтан тұтып, қызметерін жоғары бағалағанын атап өтті.

«Сіздер Мемлекет басшысы алдымызға қойған тапсырманы абыроймен орындадыңыздар. Біздің азаматтарымыздың бұл бағасы бүгінгі күні қызметкерлерге мемлекеттік награда түрінде берілуде, барлы қызметкерлер ведомстволық наградалармен марапатталады. Бейбіт уақытта да ерлік жасалады, ал сіздер бұл ерлікті  күн сайын адам өмірін құтқару кезінде жасайсыздар. Біздің ТЖМ бөлімшелеріміздің негізгі міндеті  мұқтаж жандарға уақытында көмекке келу. Осы міндетті абыроймен атқарып жүрген сіздерге тағы да үлкен рахмет», – деді Юрий Ильин.

«Мен бүгін бізбен бірге жұмыс істеп жатқан ардагерлерімізге де алғыс айтамын, олар әрқашан сіздерге бағыт-беріп келеді», – деді ол.

ҚР Президентінің алғыс хаттары, сондай-ақ ведомстволық наградалар-медальдар мен төсбелгілер Түркиядағы жер сілкінісі салдарын жоюға қатысқан барлық құтқарушыларға табыс етілді. Құтқарушы иттер де назардан тыс қалған жоқ. Олардың құтқару операциясына қосқан үлесі де маңызды болды. Түркияда құтқарушылар үйінді астынан 7 адамды құтқарып, 88 адамның денесін шығарды. Олар күн сайын тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істеді. Қазақстанда білім алуға және тәжірибе жинауға дайын түрік әріптестері олардың жұмысына тәнті болды.