Кез келген мемлекеттік реттеуге қарағанда нарықтық экономика заңдары тиімді – сарапшылар талдауы

Жарияланды
Банкир жеке тұлға банкроттығы туралы заңнан позитивті фактор көрмейді. Фото: shutterstock.com

Елімізде соңғы уақытта экономикалық қатынтастарды реттеуге мемлекеттің жиі араласатыны сарапшылар мен қаржыгерлер тарапынан жиі қолдауға ие бола бермейді. Алматыда өткен CFO Summit жиынында да да сала мамандары мен сарапшылар осы мәселеге тоқталған еді.
3-наурыз күні күшіне енген жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеу туралы Заңға қатысты да сарапшылар пікірі екіге жарылды. Саланы реттеуге қатысты қаржыгерлер мен сарапшыларды тағы қай мәселе толғандырғанын, Курсив тілшісі сараптап көрді.
Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдеуге қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, әзірге бұл заңның қандай пайда берері белгісіз. Бірақ біз осы күнге дейін қарыздарды қайта құрылымдау процесін іске асырып келдік дейді ол. Сондай-ақ банк басшысы өздеріндегі NPL90+ деңгейіне де назар аударды.

«Былтыр NPL-дің абсолютті өсімі 20 пайыз болды. Бұл ретте салыстырмалы көрсеткіш төмен – шамамен 3-4 пайыз. Бірақ бұл берілген займ көлемінің көбеюімен байланысты. Осының аясында нашар займдар үлесі көп емес. Бірақ абсолютті цифрда NPL өсіп бара жатыр. Мұндай заң актілері бір жағынан қарыз алушыны уақытша жеңілдетуі мүмкін, алайда олардың келешекте жаңадан займ алу мүмкіндігі шектеледі. Өздерін банкрот деп жариялаған адамдардың өзіне тағылған шектеулерді алып тастасын деп талап қоя бастайтын сәт міндетті түрде туады. Мемлекет оған да келісетін сияқты. Қандай да бір жеңілдіктер жасалады, мысалы несие алуға деген тыйымды бес жылдан бір жылға қысқарту деген секілді. Бізде шынымен де осындай тәуелді көңіл-күй бар екеніне сенімдімін, ол халық арасында жиі кездеседі. Өкінішке қарай, үкімет ондайды кейде қолдап кетеді», дейді Үміт Шаяхметова.

Ол сондай-ақ инфляцияны жеделдетіп жатқан бірегей фактор ретінде мемлекеттік бағдарламаларды атап, тез арада оларды қысқарту керек деп мәлімдеді.

«Мен үнемі тұтынушылық несиелер туралы айтамын, олар негізінен импорттық тауарларды сатып алуға және соның салдарынан ел ішінде бағаны көтеруге арналған. Мұны несиелеудің креативті түрі деп атауға келмейді. Барлық мемлекеттік бағдарламалар тұрғысынан алғанда, экономикаға мейлінше аз араласу қажет. Экономиканы дамыту тұрғысынан да, ставка белгілеу тұрғысынан да нарықтық ұстанымға жүгінген дұрыс. Қазір елімізде монополияны жою бойынша көп риторика бар. Бірақ мен басқа бір үрдісті де көріп отырмын, ол – мемлекеттік монополияны жолға қою шарасы. Бұл да позитивті фактор болып саналмайды. Біз нарықтық экономиканың көбірек бәсеке мен даму әкелетінін айтамыз. Ақырында бұдан ел экономикасы да, тұтынушы да ұтады», дейді банк басшысы.

Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың сөзінше, банкроттық туралы заң қажет, бірақ оны қабылдау кезінде бүкіл тәуекел мен салдарларды ескере отырып, кешенді тәсіл қарастыру керек еді.

«Меніңше, бірінші кезеңде оны өте қатаң етіп жасап, сосын нағыз мұқтаждардың ғана пайдалануына мүмкіндік беру керек еді. Өйткені қазір біз бұл заңды тым жұмсақ етіп жібердік. Жаңа кредит алу үшін 5 жыл мерзім көлемінде тыйым енгізу де жаңашылдық емес. Аталған бағдарламаны қолданатындар үшін қатаң шаралар енгізілуі тиіс. Шын мәнінде кім банкроттыққа мұқтаж, сол ғана бұл заңды пайдалануы тиіс еді. Бұл құрал екінші деңгейлі банк алдындағы міндеттемесін айналып өту тәсіліне айналмауы қажет», деді.

«Еуразиялық банк» басқарма төрағасы Ләззат Сәтиева да кез келген мемлекеттік реттеуге қарағанда нарықтық экономика заңдары өзін жақсы көрсете алады деген пікірде.

Сонымен қатар Ләззат Сәтиева Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің мемлекет көмегін алған банктер акционерлерге дивиденд төлемеуі керек деген бұйрығына қатысты да пікір білдірді.

«Бүкіл әлемде мемлекеттік немесе квазимемлекеттік компаниялар арқылы көмек алмаған қаржы институтын табу қиын шығар. Біз банк жүйесі бәрі үшін қызыл жалау дегенге әбден үйреніп алдық. Қоғамда қандай да бір сауал болса, ол міндетті түрде банктерге қойылады. Негізінде бұл қалыпты жағдай. Бірақ мемлекеттік көмек дегеніңіз бүкіл салада бар. Онда мемлекеттік көмек алып отырған барлық сала туралы айтайық. Бұл өте терең, қызықты мәселе және кеңінен талқылауды қажет етеді», деді ол.

Саммит барысында олигархтардың шеттегі активтерін елге қайтару мәселесі де қозғалды.

Банкир, қаржыгер Ғалым Құсайыновтың айтуынша, олигархтардың ақшасын қайтарып, елдің тұрмысын түзеуміз деу – елдің инвестициялық климатына жағымсыз әсерін тигізеді.

«Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов та егер елдің ішкі ахуалын түземей, сырттағы ақшаны әкеліп қарық боламыз деу қате ұғым дейді.

«Егер басқа тәсілдермен елдегі жалпы жағдайды түзей алмасақ, онда сырттағы ақшаны бір реттік әкелі жүйелік проблемаларды шешпейді. Иә, миллиард долларлар бар, бірақ бұл әлеуметтік және экономикалық дамудың жауабы бола алмайды. Дегенмен активтерді қайтарар болса онда оны заңда нақты көрсетілген тәртіппен және нақты белгіленген мерзімде тез және бір рет жасаған дұрыс. Бұл ашық түрде, соның ішінде үкіметтік комиссияда қаралған барлық материалдарды жариялау арқылы жасалуы керек. Мемлекет бұл мемлекеттік меншікті сақтамайтынын және оны ашық жекешелендіру арқылы жеке секторға қайтаруға ниетті екенін дереу көрсетуі керек», дейді Ораз Жандосов.

Сондай-ақ оқыңыз