Жаңалықтар

Көпшілік жерде былапыт сөйлеу құрметсіздік. Дегенмен өмірде түрлі жағдай болады – министр

Фото: Аскар Ахметуллин

Енді қоғамдық орында балағат сөз айтқандар лайықты жазаға тартылады. Себебі көпшілік жерде былапыт сөйлеу құрметсіздіктің белгісі. Үкімет кулуарында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша қоғамдық орындарда айтылған балағат сөз айту үшін жауапкершілікке тарту бұрын да болған. Енді заң қатаңдатылды.

«Енді ол қатаңдатылды. Айта кететін жайт, біз бірден балағат сөзге мән береміз, ал негізі заң алдымен вандализммен күресуді көздейді. Бізде көпқабатты тұрғын үйлерді, ливтілерді бүлдіру фактілері көптеп тіркеліп келді және айыптыларды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі болмады. Сондықтан да бүлдіру, зиян келтіру әрекеттері бойынша жауапкершілік күшейді. Оның ішінде қоғамдық орындарда балағат сөз айту да бар», – деді Ішкі істер министрі.

Дегенмен, Марат Ахметжанов қоғамдық тәртіпті бұзу болып танылмайтын жағдайлардың да бар екенін ескертті.

« Мысалы, мен қазір балағат сөз айтсам жазалауға болады, өйткені бұл жерде камера бар, дыбыс бар. Дегенмен өмірде әртүрлі жағдай болады. Байқамай аяғына балғаны құлатып алса, аузынан дөрекі сөз шығып кетуі мүмкін. Бұл қоғамдық тәртіпті бұзу болып есептелмейді», – дейді ол.

6 наурыздан бастап қоғамдық жерде былапыт сөз айтқандарға 69 мың теңге айыппұл салатын жарлық өз күшіне енді. Жалпы Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан бар. Енді сол үшін салынатын айыппұл көлемі 4 есе артты.