Мектептегі қауіпсіздік: 7 мыңға жуық білім беру ұйымы тексерілді

Жарияланды
7 мың мектеп тексерілген. Фото: kursiv.media

Үкімет отырысында білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, биыл ақпанда білім беру ұйымдарына кіруге рұқсат беру ережесінің жобасы әзірленді.

Министрдің айтуынша, 2020 жылмен салыстырғанда мектептерде бейнебақылаумен қамтамасыз ету 2,5 есеге өсті.

«1 наурыздағы жағдай бойынша бейнебақылау жүйелерімен білім мекемелері 100% қамтылған. Әкімдіктер оларды нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошағы қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық, дабыл түймелерімен 2 400-ден аса білім беру нысандары қамтылған», – деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне толық тексеру жүргізу мәселесі ақпанда өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен министрлік өткізген арнайы кеңесте қаралды.

«Бірнеше мемлекеттік мекеме мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған 162 мониторингтік топ 20 өңірде жұмыс істеп жатыр. Мониторингтік топ 10 мыңнан аса білім беру ұйымдарының 7 мыңға жуығын қамтыды. Жұмыс наурыздың соңына дейін аяқталады», – деді Ғани Бейсембаев.

Ақпанның ортасында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға байланысты министрліктерге тапсырма берген болатын.

Бұған дейін мектепте жасөспірім үш оқушыны жарақаттаған еді.

«Бұл өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейне камералардың санын көбейтіп, мектептегі кіреберісте бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», – деді премьер-министр Үкімет отырысында.

Сондай-ақ оқыңыз