Қазақстандықтар үшін туристік кэшбек енгізілетін болады

Жарияланды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстанда саяхаттан кэшбек алу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауы кезінде Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді. Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде Президентке тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

Сондай-ақ Асхат Оралов өзі басқаратын министрліктің мәдениет, спорт және туризм индустриясын дамытуға бағытталған бастамаларын таныстырды.

Мәдениет министрінің мәліметінше, Алматы облысында спортшыларды олимпиадаға даярлайтын Республикалық базаның құрылысы аяқталып келеді. нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жалпы, 2025 жылға дейін жалпы 113 спорт нысаны салынады.
«Сонымен қатар министр Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы туралы айтты. Бұдан бөлек, Президентке қазақстандық спортшылардың алдағы жазда өтетін Азия, Олимпиада ойындарына дайындығы және 2024 жылы елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндалды», делінген хабарламада.
Мәдениет және спорт министрлігі отандық авторлардың театрдағы қойылымдарының санын арттыруды және қазақстандық фильмдер түсіруді жоспарлап отыр.
«Биыл алғаш рет жас жазушылар мен ақындарға арналған әдеби сыйлық табысталады. Жеті республикалық мәдениет ұйымына «ұлттық» мәртебе беру мәселесі пысықталып жатыр» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Асхат Оралов отандық туризм саласын дамытуға қатысты шаралар туралы да ақпарат берді.

Оның айтуынша, туризм саласын дамыту мақсатында Kids Go Free бағдарламасына қатысу үшін туроператорларға қойылатын талаптар жеңілдетілген. Сондай-ақ қазақстандықтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы туризмді одан әрі ынталандыру, инвестиция тарту шараларын қабылдауды тапсырды. Президент бұқаралық спортқа қолдау көрсету және спорт инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту үшін жағдай жасаудың және еліміздегі креативті индустриялар базасын қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды» делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз