Бір жылда жаңа үйлердің бағасы 14 пайыз қымбаттаған

Жарияланды

Бір жылда (2023 жылғы ақпан мен 2022 жылғы ақпан аралығы ) пәтерлерді қайта сату бағасы 13%, жаңа тұрғын үйлерді сату 14% өсті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі былтырғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы ақпанда 33,8% артты.

Республика бойынша жаңа салынған, әрленген үйлердің шаршы метрінің орташа бағасы 485 мың болса, қайталама нарықтағы баспана бағасы шаршы метріне – 517 мың теңге.

Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтөбе (25,4%) және Ақтау қалаларында (25,2%) едәуір қымбаттаған.

Пәтерлерді қайта сату нарығындағы баға өсімі көш басында Семей (41%), Қызылорда (39,9%), Ақтөбе (36,9%), Ақтау (35,4%), Қостанай (30,9%) қалалары тұр, ал тұрғын үйді жалға алу бойынша жоғары өсім Көкшетау (53,7%), Қостанай (51,9%), Алматы (49,6%) және Петропавл (49,3%) қалаларында тіркелді.

Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады.

Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландыру негізінде жиналады.

Сондай-ақ оқыңыз