Қазақстан Еуропаға 35 млн долларға экспорттаған экоөнім, ішкі нарықта сатылмайды

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Қазақстан 2022 жылы Еуропаға 35 миллион долларға органикалық өнімдер экспорттаған. Бұл жақсы көрсеткіш. Десе де, экологиялық таза өнімдер еліміздің ішкі нарығында сатылмайды деп жазады Елдала порталы.

Ақпаратқа сәйкес, пандемияға дейін Қазақстанда сертификатталған органикалық егістік алқаптарының көлемі тұрақты түрде өсіп келген. Мәселен, 2020 жылға қарай Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында органикалық егіс алқаптары 300 мың гектардан асқан. Сонымен бірге, мамандар бұл саланың уақыт өте келе дамып, мұндай алқаптар 3 миллион гектарға дейін жетеді деп болжаған. Алайда, пандемия бұл жоспарды «бұзды». Өйткені, бұл тұста қарапайым ауылшарушылығы өнімдерінің бағасы қымбаттай түсіп, қарапайым дәнді дақылдар мен майлы дақылдардан түсетін пайда артқан.

Десе де, бұл саламен айналысатын шаруалар тек қаржылық пайданы ғана көздемейді, сонымен бірге экологияға да мән береді. Өйткені органикалық егіс алқаптары жерді тоздырмайды, нәтижесінде болашақ ұрпаққа да құнары сарқылмаған жер байлығын мұраға қалдыруға мүмкіндік туады.

Ал 2022 жылы Қазақстанда 200 мың гектарға жуық жерде органикалық егін шаруашылығы жүргізілген. Бұл алқаптардан түскен өнімдер негізінен Еуропа елдеріне, әсіресе, Германияға көп тасымалданған.

Органикалық өнім өндірушілер одағының директоры Әрсен Керімбековтің дерегінше, шаруалар 2022 жылы органикалық егіс алқаптарынан 9507 тонна бидай, 9221 тонна соя, 6200 тонна соя күнжарасын, 9501 тонна зығыр,  337 қызыл және жасыл жасымық, 66 тонна қарақұмық,  611 тонна бұршақ экспорттаған.

Ішкі нарыққа келер болсақ, елімізде органикалық өнімдерге айтарлықтай сұраныс жоқ. Десе де, органикалық өнім өндіретін шуаруалар ішкі нарықта сұраныс артса, артық болмайтынын айтады. Себебі  ел ішінде сауда жасау, логистикалық қиындықтардан құтқарады және тұрақты табыс көзі ретінде шаруалар үшін қолайды болар еді.

Алайда маманның айтуынша, Қазақстанда тұтынушыларды қорғау мәселесі өте күрделі. Неге десеңіз, көп жағдайда өндірушілер тұтынушыларды алдайды.

Мәселен, өз өнімдерінің сыртына «Bio», «Eco», «Farm» секілді белгілерді қояды. Мұндай алдау тәсілі «green washing» деп аталады. Солайша, қарапайым өнімді экологиялық таза өнім деп қабылдаған тұтынушы алданады. Бұл біздің елдегі жағдай. Ал басқа дамыған елдерде, өнім органикалық сертификатталмаған болса, мұндай таңбалауға тыйым салынады. Мысалы, Австралияда өнімге «экологиялық таза» деп жалған  белгі  қойса, өндірушіге 1 миллион доллар көлемінде айыппұл салынады. Тіпті Ресейдің өзінде 2022 жылдың соңында сертификатталмаған өтірік органикалық өнімдерді жою туралы шешім қабылданып, дүкен сөрелерінен алып тастау тапсырылған.

Заң бойынша Қазақстанда да мұндай жалған белгілерді пайдалануға рұқсат жоқ. Алайда, құзыретті органдар өндірушілер «таза» деп ұсынған өнімді өз деңгейінде тексермейді. Нәтижесінде, тұтынушылар шын табиғи өнім мен қарапайым өнімнің арасындағы айырмашылықты сезбей, көбінде арзан өнімді таңдайды. Осылайша отандық нарықта да   лайықты мөлшерде сұраныс болмайды.

Тіпті елімізде ашылып жатқан эко өнім сататын дүкендердің өзі құрамы түсінксіз сертификаты жоқ өнімдер ұсынып жатады.  Ал ішкі нарықта айтарлықтай төлемге қабілетті сұраныс жоқ.

Ішкі нарықта сұраныс болмағандықтан, жергілікті шаруалар қазақстандық сертификатқа қызығушылық танытпайды. Олар негізінен ЕО-да аккредиттелген сертификаттау компанияларымен келісімдер жасайды және еуропалық, америкалық немесе қытайлық сертификаттар алады. Осылайша шаруалар сұранысы жоғары нарыққа шығуға тырысады. Яғни сыртқы нарықта олардың экологиялық өнімі лайықты бағаланады.

Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстанда органикалық шикізаттан табиғи өнім шығаратын өңдеушілер іс жүзінде жоқ. Өйткені мұндай өндіріске де сертификат қажет. Бірақ бұл, әрине, уақыт өте келеді деп сенеді мамандар. Егер, табиғи өнімді қадірлейтіндерден сұраныс артса, өндіріс те жолға қойылады. Бар мәселе сұраныста. Ал әзірше табиғи таза өнімдер шетелге кетіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз