Әлихан Смайылов Алматыдағы Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығына барды

Жарияланды
Фото:primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыға жұмыс сапары аясында Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы мен Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығы құрылысының барысымен танысып, «CHAMPION» жаңа спорт кешеніне барды. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

50 төсек-орынға арналған Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысын 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр. Стационардан басқа, онда ғылыми-зерттеу және оқу орталықтары, зертханалар, медициналық университеттердің кафедралары және т. б. орналасатын болады.

Жаңа орталықта жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиатрия саласында сапалы медициналық көмек көрсетіледі, зерттеулер жүргізіліп, мамандар оқытылады, озық медициналық технологиялар пайдаланылып, дәрілік препараттар сыналады. Бұдан басқа жаңа нысан базасында республикадағы эпидемиологиялық ахуалды бақылау үшін ахуалдық орталық ашу жоспарлануда.

Премьер-Министр ДДҰ мәліметтері бойынша жыл сайын 2 млрд адам жұқпалы аурулармен ауырып, 50 млн-нан астам адам қайтыс болатынын айтты.

«Орталықтың ашылуы туберкулезден ғана емес, жалпы басқа да жұқпалы аурулардан, оның ішінде аса қауіпті аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді. Алматы әкімдігі орталықты ашу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова денсаулық сақтау саласын дамыту аясында 2025 жылға дейін полиорталықты қағидаты бойынша 16 емхана салу жоспарланып отырғанын, онда республикада алғаш рет МСАК бірыңғай стандарты енгізілетінін баяндады. Бұл 300 мыңнан астам адам үшін алғашқы медициналық қызметтерді қолжетімді етеді.

Сондай-ақ оқыңыз