Еуропаға бағытталған Қашаған мұнайы Ресейді айналып өтпек

Жарияланды
Фото: Kursiv.media


Қашаған операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының 7,563% үлесін иеленетін Inpex NorthCaspian Sea Ltd. компаниясы Ақтау портынан Баку арқылы Еуропаға 7 мың тонна мұнай жөнелтеді. Бұл жайлы «ҚазТрансОйл» компаниясы көлік департаментінің директоры Абай Бейсембаев хабарлады.

«Біздің жылына 6,2 млн тонна жөнелтуге техникалық мүмкіндігіміз бар. Порттың ағымдағы жүктемесі Транскаспий бағыты бойынша ауыстырып тиеуді есепке алғанда BTC (Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры) арқылы Теңізшевройл көлемін тасымалдау – 1,5 млн тоннаны құрайды. Алдағы уақытта 3,5 млн тоннаға жетпек. Сондай-ақ осы айда Қашаған тобындағы Inpex компаниясы сынақ ретінде тасымалды бастайды. Цистерналар Ақтауға жөнелтілді. Бүгінде құйылып жатыр. Осы айда 7 мың тонна тиеу жоспарланып отыр», деді департамент директоры инвесторлармен кездесу барысында.

Маман «ҚазТрансОйл» Ақтау арқылы 1,5 миллион тонна Теңіз мұнайын жөнелтуді жоспарлап отырғанын, бірақ әзірге сыртқы факторлардың әсерінен шектеліп отырғанын жеткізді.

«Биыл Ақтау порты арқылы 1,5 млн тонна Теңіз мұнайын тасымалдау және ауыстырып тиеу жоспарланған болатын. Бірақ Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан бір тонна да жөнелтілген жоқ. BTC форс-мажорлық жағдай жариялады. Себебі Джейханда екі айлақ бар, бір айлақ қазір жұмыс істемейді, ал біреуінен тек әзірбайжандық мұнай ғана жөнелтіліп жатыр», деді компания өкілі.

Қашаған мен Теңіз мұнайының негізгі бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесі арқылы Новороссийскідегі ресейлік терминалға экспортталады, бірақ өткен және биылғы жылы қайталанған тасымалдау қиындықтарына байланысты мұнай компаниялары көлік бағыттарын әртараптандыру мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.
Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнында коммерциялық өндіріс 2016 жылдың 1 қарашасында басталды. NCOC консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).
Ал «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы Атырау облысындағы Теңіз және Королевское мұнай-газ кен орындарын игеруде. ТШО мүшелері – Chevron – 50%, ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc – 25%, ҚазМұнайГаз – 20% және Lukarco – 5%.

Сондай-ақ оқыңыз