TikTok Байден әкімшілігімен байланыс орнату үшін Ақ үймен байланысы бар компанияны жалдады

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

АҚШ-тың TikTok қосымшасын шектеуге қатысты шаралар қабылдауына байланысты, аталған компания президент Джо Байденнің әкімшілігімен байланысу үшін SKDK жетекші консалтингтік фирмасын жалдады деген ақпарат тарады. Бұл туралы жергілікті Politico басылымына сілтеме жасап Интерфакс агенттігі жазды.

TikTok бұл жолы жалдаған SKDK жетекші консалтингтік фирмасы, Politico сайтының топшылауынша, Вашингтондағы жоғары лауазымды демократтармен тығыз байланыста. Мәселен, компанияның негізін қалаушы әрі серіктесі Анита Данн өткен жылы мамырда Ақ үйге оралған. Ол жерде Анита Данн аға кеңесші қызметінде.
Сондай-ақ SKDK бұрынғы қызметкерлері арасында Байден әкімшілігінде істейтін бірнеше адам бар. Олар: Ақ үй директорының коммуникациялар жөніндегі орынбасарлары Кейт Бернер мен Херби Зискенд, Пентагон баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх және Ішкі істер департаментінің өкілі Тайлер Черри.

Басылым федералды үкіметтің TikTok-қа қарсы әрекетін жұмсарту мақсатында, қытайлық ByteDance қосымшасының директоры 2019 жылдан бері бұл салаға 13 миллион доллардан астам қаражат жұмсағаны туралы жазады. Атап айтқанда, бұл жұмысқа ондаған лоббист жалданған. Олардың ішінде Сенаттың бұрынғы көшбасшысы Трент Лотт пен Джон Броу бар және қазіргі уақытта K&L Gates компаниясында жұмыс істейтін, бұрын АҚШ Өкілдер палатасында қызмет еткен Джефф Денхэм мен Барт Гордон да жұмысқа алынған.

Өткен жылдың соңында АҚШ Конгресі TikTok қосымшасын федералды үкімет телефондары мен электронды құрылғыларында пайдалануға тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдаған. Ал ақпан айында АҚШ әкімшілігі барлық федералды агенттіктерге үкіметтік құрылғылардан TikTok қосымшасын өшіруге 30 күн берген болатын. Өз кезегінде АҚШ-тың заң шығарушы органдары АҚШ президентіне елде TikTok қосымшасына толық тыйым салуға мүмкіндік беретін заң жобасын қарастырып жатыр.
Жалпы алғанда, АҚШ-тың он үш штаты қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok-қа қарсы шара қолданды. АҚШ билігінің айтуынша, TikTok қолданбасын Қытай үкіметі АҚШ пайдаланушыларының деректерін жинау үшін қолдануы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз