2023 жылы 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын студенттердің шәкіртақысы өсуі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге. Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттердің мемлекеттік стипендиясы – 31 422 теңге», – делінген құжатта.
Қаулы жобасына қосымша берілген түсіндірмеде бұл бастаманың колледж студенттерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және техникалық кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталғаны жазылған.
«ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» 3.1 «Қолжетімді және сапалы білім» бағыты бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 87-тармағында «Студенттер стипендияларының мөлшерін 2 есеге ұлғайту» қарастырылған. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап стипендияны ұлғайту бойынша бюджет қаражатын республикалық бюджет комиссиясы қолдады. Жалпы стипендия мөлшерін ұлғайту ел жастары үшін техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын едәуір арттырады, колледж студенттерінің әлеуметтік жағдайын жақсартады және техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау сапасының артуына әсерін тигізеді», – деп түсіндірме берілген қаулыға.
Айта кетейік, қазір жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын колледж студенттерінің шәкіртақысы – 21 787 теңге. Ал орта буын мамандарын даярлайтын білім беру ұйымдарында оқитындардың мемлекеттік стипендиясы 20 948 теңге көлемінде.
«Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған қатынастарға қолданылады», – деп жазылған құжатта.
Қаулы жобасы 30 наурызға дейін ашық талқылауда болады.