Қазақстан АҚШ немесе Батыс елдерінен санкция туралы ресми хабарлама алған жоқ

Жарияланды
Қазақстан санкцияны айналып өтуге ықпал етіп жатқан жоқ па? Фото: shutterstock.com

Қазақстанға Еуропа елдерінен де, АҚШ-тан да санкция туралы ресми хабарлама түспеген. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Батыс басылымдары Ресейге сатуға санкция салынған гаджет, микрочип сияқты тауарлардың Қазақстан арқылы тасымалдануы күрт көбейгенін хабарлады. Бұл басылымдар «Қазақстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатқан жоқ па?» деген сауал тастап отыр», деді журналист.

Айбек Смадияровтың айтуынша, ресми органдардан мұндай хабарлама келмеген.

«Қазақстан мен АҚШ арасында арнайы комиссия бар, оны Сауда министрлігі жүргізеді. Егер бір қазақстандық компания Ресейдің бір компаниясымен келіссөз өткізіп немесе келісімшартқа қол қою жоспарланып жатса, сол комиссия алдын ала ақпарат береді. «Бұл келісімшартқа қол қоюдың қажеті жоқ, өйткені санкцияға ұшырайсыздар», деп алдын ала мәлімет береді. Сондықтан қазір Қазақстанның бір де бір компаниясы санкцияға ұшыраған жоқ. Өйткені біз бұл мәселе бойынша тиянақты жұмыс жүргізіп келе жатырмыз», – деді Смадияров.

Сондай-ақ СІМ ресми өкілі аталған мәліметтер тексерілетінін атап өтті.

«Енді басылымдардың мәліметін сол жақтағы әріптестерімізбен бірге тексереміз. Қазір не Еуропадан, не АҚШ-тан қандай да бір ресми түрде мұндай хабарлама келіп түскен жоқ», деді Айбек Смадияров.

Сондай-ақ оқыңыз