Өткен апта соңында АҚШ-тағы екі банктің банкротқа ұшырауы, әлемдік қаржы нарығында алаң тудырды. Бұл мәселеге қатысты Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің доценті, қаржыгер-ғалым Ілияс Исаев пікір білдірген еді.
– Ілияс аға, АҚШ-тың ірі банк – SVB-ның банкроттығы – жаһандық дағдарысқа түрткі болатын жайт па?
– Америкалық ірі банк – SVB-ның банкроттығы, менің пікірімше, мемлекет пен ірі капитал арасындағы айқасты танытады. Соңғы кездері «ерте ме, кеш пе бүтін бір мемлекетті сатып алу немесе оны сауда-саттыққа айналдыру мүмкін болады» деген сөздер айтыла бастады. Кеше АҚШ-тың банк секторында орын алған жағдай – осы ойға тұздық салғанмен пара-пар. Мәселен, криптовалютаның пайда болуы, офшорлардың көбеюі Жер бетіндегі ақша массасын тым көбейтіп, шектен шығатын жағдайға жеткізді. Бұл, ең алдымен, мемлекеттілік іргетасына қауіп төндіретін жағдай. Сондықтан да бұл құбылысқа АҚШ билігі түбегейлі қарсы.
АҚШ Президенті мен Үкіметі «криптовалюталар доллармен таласа берсін, бірақ алтынмен таласуына жол жоқ» деген концепцияны ұстанады. Осы мақсатта АҚШ Президенті Джо Байден кезінде елдегі барлық банктің үстінен қарайтын Ақша айналымын бақылау комитеті басшылығына Сәуле Омарованы ұсынды. Ол – Мәскеуде оқыған Оралдың қызы. Ал Сәуле АҚШ Үкіметі мен Президент позициясын таныта отырып, Конгреске «криптовалютаға, жалпы эмиссияның барлық түріне бақылау жасау керек» деген идеяны алға тартты. Өйткені ол түптің түбінде мемлекет іргетасына балта шабады деген тұжырым да айтылды. Орталық банк пен ірі банктер шағын бизнестің өсуіне кедергі келтіріп отыр деген тезис те келтірілді. Әрине, бұл ірі капитал өкілдері болып табылатын сенаторларға ұнамады. Сөйтіп «Комсомоль болған, маркстік теория туралы диссертация жазған» деп Сәуле Омарованы бұл комитет басшылығына тағайындатпай тастаған. Міне, осы идея қазір өзектілік танытып, оны қайта қарау қажеттігі өздігінен сұранып отыр. Сондықтан да болар бүгін АҚШ билігі банкротқа ұшыраған SVB-ны сатып алмайтынын, оны аман сақтап қалуға қолғабыс етпейтінін жария етті.
– Демек, SVB-ның банкротқа ұшырауы АҚШ билігінің оң жамбасына келіп отыр ғой…
– Тура солай деп айтуға болмайды. Дегенмен сабақ болу үшін АҚШ билігі осындай құрбандыққа барып отырған болуы мүмкін. Бірақ Үкімет банк салымшыларына міндетті түрде көмектеседі. Заң солай. Олай етпесе, барлығы сотталады…
– Соңғы кездері «ерте ме, кеш пе бүтін бір мемлекетті сатып алу немесе оны сауда-саттыққа айналдыру мүмкін болады» деген сөздер айтыла бастады дедіңіз сөз басында. Осы арасын нақтылай кетсеңіз…
– Бос ақша массасы көбейіп кетті дедік қой. Бос деп отырған себебім, ол – таза табыс емес, мысалы өндірістен түседі дейтіндей. Офшорлар, криптовалюта, тағысын тағы. Осылай байып жатқандар көп. Солар таза еңбекпен табыс табатындарға қауіп төндіруде.
Мәселен, Маргарет Тэтчерді мақтап, соған еліктеді кезінде Қазақстан. Ал Маргарет Тэтчер не істеді? Ол Ұлыбританияның барлық стратегиялық нысандарын жекеменшікке сатып жіберген. Теміржолдан бастап, барлығын. Тэтчер дүниеден озған соң қараса, Ұлыбритания ЖІӨ-нің 74 пайызын қызмет түрлері құрапты. Тек 26 пайызы тауар өндірісіне негізделген. Халқының басым бөлігі нәпақы табу үшін жан-жаққа тентіреп кеткен. Бұл – масқара жағдай. Қазір АҚШ та сондай күй кешіп отыр. АҚШ-тың Орталық банкінің өзі жекеменшіктің қолында. Негізі, тауарлар өндірісі экономиканы нығайтады. Қазақстан да тауар өндірмейді. Біздің жалпы ішкі өнімнің 52,5 пайызын қызмет түрлері құрайды, ал қалғаны тауар деп айтады. Бірақ оның өзі күмәнді. Айтайын дегенім, тауар өндірмеген елдің өзінің тауарға айналу қаупі жоғары. Содан кейін де кезінде, қанша жерден аферист деп қараласа да Дональд Трамп Қытайдағы америкалық тауар өндірушілерге елге қайтуын бұйырды. Ол кәсіпкер, біліп отыр ғой, не керек екенін мемлекетке.
– Бұл Қазақстанға да сабақ болуы тиіс дейсіз ғой…
– Әрине. Қазақстан да тез есін жиып, теміржолдан бастап барлық стратегиялық нысандарды мемлекеттің қолына қайтару керек. Әйтпесе бір мемлекетті бүтіндей сатып ала алатын қауқардағы Рокфеллер, Илон Маск секілді байлар желкемізден шұқшиып қарап тұр. Мысалы, АҚШ Орталық банкінің егесі Рокфеллер әулетінің капиталы – 200 млрд доллар. Ал Қазақстанның номинальды жалпы ішкі өнімінің 2022 жылдың қорытындысы бойынша 224,3 млрд долларды құрады. Жалпы сыртқы қарыз көлемі 165 млрд долларды қамтиды. Шамалап, салыстыру үшін айтып жатқаным ғой. Әйтпесе ондайдың бетін әрі қылсын, әрине. Бізге де ақша массаларын қатаң бақылауға алу керек. Криптовалютаны ақша түрінде мойындамайтын Ұлттық банктің позициясы дұрыс. Соңғы қолға алынған «Майнинг» туралы заңда да шектеулер бар. Оған сәйкес, бұл өндіріс түрі Қазақстаннан ақырындап кете бастауы керек, негізі. Содан кейін, ең бастысы, тауар өндіруіміз керек! Әрине, халық несиеге басымен кіреді, өйткені барлығы шетелден келіп жатыр ғой. Өзіміздікі жоқ. Сондықтан баға ұстатпайды, қымбаттай береді үсті үстіне…
– Жалпы, бұл банкроттықтың ел экономикасына тікелей әсері жоқ қой…
– Тікелей әсері жоқ. Бірақ ол қаржы секторы, жалпы мемлекет үшін ғаламдық экономикалық қауіп-қатердің бүтін картинасын сипаттай алады.
– Әңгімеңізге рақмет
Кәмшат Тілеухан