«Алматы жылу желілерінің» директорына 560 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
жылу
Жылу желілерінің басшыларына миллиондаған айыппұл салынды. Фото: www.shutterstock.com

Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен «Алматы жылу желілері» ЖШС бас директоры Куаныш Бейсенбиновке 560 млн теңге айыппұл салынды. Антикордың хабарлауынша, ол қомақты пара алған.

Сонымен қатар, АЖЖ бас инженері Д. Қазымбетов пен АЖЖ Күрделі құрылыс басқармасының бастығы С. Джингильбаевтың әрқайсысына 560 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

АЖЖ лауазымды тұлғалары Алматы қаласындағы жылу желілерін қайта құру туралы шарт бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және ақша қаражатын аударғаны үшін Б. Разимбековтен 16 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген.

Ал пара бергені үшін «СпецКоммунСтрой» ЖШС директоры Б.Разимбеков 400 млн. теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

«Сотталғандар төлейтін айыппұл сомасы 2 млрд. 80 млн. теңгені құрады, бұл 350 орындық мектеп немесе 320 орындық балабақша құрылысының бюджетіне тең», делінген хабарламада.

ҚР ҚК 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Былтыр ИИДМ басшысы Қазақстандағы желілерді ауыстыруға 2,2 трлн теңге қажет деп мәлімдеген еді.  Ал биыл үкімет елімізде 2 мың шақырым жылу желісін салуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз