Жаңалықтар

Майнерлерді Цифрлық даму министрлігі қадалағайтын болады

ЦДИАӨМ-нің өкілеттігі кеңейді. Фото: shutterstock.com

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық активтер саласын, майнерлерді қадағалайтын болды. Бұл туралы «Ашық НҚА» сайтында жарияланған заң жобасында жазылған. Қоғамдық талқылау 30 наурызға дейін жалғасады.

Заң жобасы қабылданса, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрлігі цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізетін болады. Оның ішінде цифрлық активтерді айналымға шығару, цифрлық майнинг бойынша іс-шаралар әзірлеу, көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу мөлшерін және майнерлерге лицензия беру бар.

Сонымен қатар, министрлік құзыретінде телекоммуникация объектілерін қосарлы мақсаттағы тіректерге орналастыру тәртібін бекіту, цифрлық майнерлердің табысы туралы ақпаратты талап ету, оларды аккредиттеу ережелерін бекіту және цифрлық майнинг қызметін лицензиялау өкілеттігі болады.

Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі қорғалған цифрлық активтер тізбесін және цифрлық майнингке арналған аппарат-бағдарлама кешенін бекітіп, оларды шығаруға рұқсат беріп, олардың есебін жүргізе алады.

Жоба құжатында оның Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы заңға сәйкес әзірленгені көрсетілген. Сондай-ақ, заң жобасын қабылдау және түзетулер енгізуге шығын шықпайтыны жазылған.

Қазіргі кезде Цифрлық даму министрлігі аэроғарыш және электронды өнеркәсіп, инновациялар, геодезия, картография және кеңістік деректері, байланыс, ақпараттандыру, «электрондық үкімет», сондай-ақ еліміздің ғылыми-техникалық дамуына жауапты. Сонымен қатар, министрлік ақпараттандыру, дербес деректер және оларды қорғау салаларында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 ақпанда цифрлық активтер туралы заңға қол қойды. Ол Қазақстандағы цифрлық майнингті құқықтық реттейді. Қазақстанда өндірілген криптовалютаның бір бөлігін биржада сату туралы тармақты қоспағанда, заң 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді. Криптовалютаны биржада сату талабы 2024 жылдан бастап күшіне енеді.

2023 жылдың қаңтарынан бастап майнерлер электр қуаты ақысын прогрессивті шкала бойынша төлейді. Егер майнер арзан электр қуатын пайдаланатын болса, онда тұтынылатын әрбір киловат 25 теңгеден болады Сонымен қатар, электр энергиясының құны көтерілген сайын, оның ақысы пропорционалды түрде төмендейді.