Жұмыссыз қалғанда жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?

Жарияланды

Аяқ-асты жұмыстан шығып қалсаңыз, басқа жерге кіргенге дейін мемлекеттен жәрдемақы ала аласыз. Мысалы 2023 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 33,5 мың адамға осындай жәрдемақы төлеген. Оның ішінде 14,3 мың адам өтінімді биыл жіберген. 1-6 ай аралығында төленетін бұл төлемді қалай алуға болады? Есептеу жүйесі қандай? Осы туралы бүгінгі материалымызда толығырақ айтамыз.

Қалай өтінім жібереміз?

Айтқандай, қазіргі заңға сәйкес, жұмыссыз қалған қызметкерлер 1 ай мен 6 ай аралығында әлеуметтік төлем алуға құқылы. Қанша уақыт берілетіні міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қанша жылдық өтіліне байланысты. Ал көлемі болса, кейінгі 24 айға қарайды, айырылған табысының 45 пайызына тең. Төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жүргізіледі. Аталған жәрдемақыны алу үшін:

  • eGov.kz порталына кіріп, авторизация жасайсыз;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтылу» бөліміне кіріп, «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметін таңдайсыз;
  • Қажет жолдарды толтырып, қызметке онлайн тапсырыс беріңіз. Өтінім жіберу үшін ЭЦҚ керек;
  • Бір күн ішінде Жұмыспен қамту орталығы тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша вакансиялар ұсынады;
  • Егер жұмыс табылмай қойса, онда үш күн ішінде жұмыссыз статусы қашықтан тағайындалады. Егер әлдебір құжаттар керек болса, онда сізге хабарласып, сұратады; 
  • Бұл қызметті Электрон еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да онлайн-режимде алуға болады. 

 Егер сізге статус берілетін болса, онда ұялы телефоныңызға хат келеді. Келісетініңізді білдіріп, жауап беруіңіз керек. Одан соң төлем автомат түрде тағайындалады. Бір ескерте кететін жайт, әлеуметтік төлем аларда сіздің жұмыстан не себепті шыққаныңыз ескерілмейді. Әрі бұл жәрдемақы сіздің басқа жұмыс тауып алғанша табыссыз қалмауыңыз үшін беріледі.

Жәрдемақыға қатысты сұрақ-жауап

Штаттан тыс қызметкерлер ала ала ма? Егер жұмыс берушілер Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына аударым жасамаса, онда ала алмайсыз. Себебі аталған төлемді алу үшін қойылатын басты шарттың бірі — міндетті сақтандыру жүйесінің қатысушысы болу. Әлеуметтік аударым мен зейнетақы аударымын шатастырып алмаңыз. Екеуі екі бөлек. Айталық, сіз азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы жұмыс істеп келген болсаңыз, онда жұмыссыз қалғанда берілетін жәрдемақы ала алмайсыз. Себебі сіз үшін әлеуметтік қорға еш аударым жасалмайды. Айтпақшы, қазір қызметкерлер өзі үшін қорға аударым жасай алмайды.

Неге сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы керек деген шарт қойылады? Ол үшін жалпы жүйені түсініп алу керек. Мемлекет Әлеуметтік сақтандыру қорына жиналған қаражатты төлем жасау үшін қолданады. Жұмыс берушілер ай сайын еңбек келісімшарты жасалған қызметкерлері үшін қорға аударым жасайды. 2023 жылы оның мөлшері айлығының 3,5 пайызына тең.

Жәрдемақыны қанша уақыт алуға болатыны қалай есептеледі? Айтқандай, сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысқанына байланысты. Мәселен:

  • Егер әлеуметтік төлем 6-12 ай ішінде жасалған болса — 1 ай ала алады;
  • Егер әлеуметтік төлем 12-24 ай ішінде жасалған болса — 2 ай ала алады;
  • Егер әлеуметтік төлем 24-36 ай ішінде жасалған болса — 3 ай ала алады;
  • Егер әлеуметтік төлем 36-48 ай ішінде жасалған болса — 4 ай ала алады;
  • Егер әлеуметтік төлем 48-60 ай ішінде жасалған болса — 5 ай ала алады;
  • Егер әлеуметтік төлем 60 айдан астам уақыт жасалған болса — 6 ай ала алады;

ӘМС бойынша медициналық қызмет ала ала ма? Жұмыссыздар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға құқылы. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Басты талап — жұмыссыз ретінде тіркелу.

Жәрдемақыдан не ұсталады? Заң бойынша жұмыссыз қалғанына байланысты берілетін жәрдемақыдан 10 пайыз зейнетақы аударымы БЖЗҚ-ға аударылады. Егер атқарушылық іс жүргізу болса, ол бойынша шегерім жасалады. 

Қандай жағдайда бермей қоюы мүмкін? Әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы болмаса және жұмыссыз ретінде тіркелмей бермейтінін айттық. Одан бөлек, мынадай да жайттар бермеуге негіз болуы мүмкін:

  • Құжаттарыңыз дұрыс болмаса, ішінде жалған ақпарат болса;
  • Өтінім беруші немесе оның берген материалдары жәрдемақы тағайындауға сәйкес келмесе. Неге мақұлдамаған себебін анықтаған соң, қайтадан өтініш беруге болады.

Егер жұмыссыз адамды қоғамдық жұмысқа тартып, не оқуға жолдаса қалай болады? Мұндай жағдайда жұмыссыз қалғанына байланысты төленетін жәрдемақы сақталады. Яғни жұмыспен қамту орталығы ол адамды әлеуметтік маңызы бар орындарға жұмысқа жіберсе, қоғамдық жұмыстарға тартса, болмаса кәсіби оқуға жолдаса. Сіз жұмыс істеп, оқи жүріп жәрдемақы ала бересіз.

Қандай жағдайда жәрдемақы беруді уақытқа тоқтата тұруы мүмкін? Заңға сәйкес, жұмыссыз қалғандарға берілетін жәрдемақыларды уақытша тоқтата тұруға мынадай негіздер бар:

  1. Егер жәрдемақы алып отырған азамат республика аумағынан асып кеткені белгілі болғанда;
  2. Егер жәрдемақы алушы Қазақстан республикасы азаматтығынан шығып кеткен болса, шетелдік ықтиярхат алғанға дейін;
  3. Жәрдемақы тағайындау үшін жинаған құжаттарының ішінде жалған деректер табылса;
  4. Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, кандас куәлігінің қолданылу мерзімі өткен болса;
  5. Жәрдемақы алушы қылмыстық іс бойынша сотталған және жазасын колонияда өтеп жатқан болса.
  6. Қандай жағдайда жәрдемақы түбегейлі тоқтатылуы мүмкін? Мынадай жағдайларда тоқталылады:
  7.  Егер өтінім беруші зейнет жасына жеткен болса;
  8. Жұмыссыз ретінде есептен шығарылған кезде;
  9. Жәрдемақы алушы өмірден өтсе.

  Әлеуметтік төлем ақпарат алған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, айырылған табысының  орнын толтыру коэффициенті 40 пайыздан 45 пайызға көбейтілген еді. Бірақ тағайындау тәртібі сол күйі сақталды. Яғни міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы міндетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрон еңбек биржасы арқылы барлығын дистанстан жасауға мүмкіндік ашты. Осының арқасында жұмыссыз ретінде тіркелу процесі де, табыссыз қалған жағдайда әлеуметтік төлем алу жолы да әжептәуір жеңілдеді. Себебі бар болғаны интернет, компьютер мен электрон цифрлы қолтаңба болса, барлығын онлайн режимде жасауға болады.  

Сондай-ақ оқыңыз