Гүлмира Сатыбалды Тұрсенғали Алагөзовке 6,5 млрд теңге шығын келтірген. Бұл туралы Астанада өткен сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Азамат Сәрсенбаев айтты.
Прокурор сотта күдіктілерге қатысты айыптау актісін оқыды. Соған сәйкес, 2018 жылдың қарашасында Сатыбалды заңнамада белгіленген тәртіпке қарамастан «Galanz Bottlers» АҚ-ның ірі акционері болғысы келген.
«2018 жылдың қарашасында Сатыбалды заңнамада белгіленген тәртіпке қарамастан, өз еркімен ірі акционер болуға ұмтылған. Сатыбалды нақты иесі Алагөзов болған ірі акция пакетін алуды жоспарлаған. Екі азаматтың арасында қаржылық көмек орнына акцияларды беру туралы уағдаластық болмаған. Қылмыстық ойын іске асыру үшін Сатыбалды мемлекеттік аппаратта және коммерциялық құрылымдарда байланысы бар бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдының беделін пайдалануға шешім қабылдаған», – деді прокурор.
Сондай-ақ Сатыбалды қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында тікелей Алагөзовке қысым көрсеткен.
«2019 жылдың қаңтарында өзінің шексіз мүмкіндіктеріне және жазаға тартылмайтынына сенімді болған Гүлмира Сатыбалды Алагөзовпен кездескен. Оған моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, акцияларды өзі көрсететін басқа адамға жазып беруді талап етті», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Алагөзов бұл істе оған Қайрат Сатыбалдының қолдау көрсететінін ойлап, қойған талабына келіскен.
Ол акцияны Сатыбалдының сенімді адамының атына жазуға келіскен.
«Сатыбалдының заңсыз әрекеті жәбірленуші Алагөзовке оның мүлкін еркін пайдалануына және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға конституциялық құқықтарын бұзып, сондай-ақ 6 млрд 584 млн теңге сомасына аса ірі материалдық залал түрінде елеулі зиян келтірілді», – деді прокурор Сәрсенбаев.
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.
Гүлмира Сатыбалды сотта өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Айта кетейік, іс бойынша үш айыпталушы бар. Жәбірленушілердің арасында Айгүл Мекешова мен Тұрсенғали Алагөзов бар.
2022 жылғы наурызда Гүлмира Сатыбалдыға 747 млн теңге жымқырды деген айып тағылған еді.
Антикор желтоқсан айында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорын үлестерін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеуді аяқтағанын хабарлады.
Ал бұрынғы күйеуі Қайрат Сатыбалдыны сот қыркүйек айында 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын.