Отандық автонарық жандана бастады – Қазақстанның АвтоБизнес Қауымдастығы

Жарияланды
Қазақстандықтар қандай көлік сатып алып жатыр. Фото: www.shutterstock.com

Ақпан айында Қазақстан тұрғындары 13 115 жаңа автомобиль, жүк көлігі мен автобус сатып алған. бұл 2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда 69,1% көп. Қазақстанның АвтоБизнес Қауымдастығы берген мәлімет бойынша, жергілікті автонарық күш ала бастады, логистика мен жартылай өткізгіш тапшылығына қатысты мәселелер маңызын жоғалтты.

Елде автокөлік өндірісі ұлғайып келеді, Қытай брендтері де белсенді қызмет етіп жатыр. Ақпанда ресми сатушылар 12 405 жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника, сонымен қатар 710 жүк көлігі мен автобус сатты, Ал жыл басталғалы 23 547 көлік өтті, бұл былтырғы қаңтар-ақпандағы нәтижеден екі есе жоғары.

Үздік брендтер көшін әдеттегідей Chevrolet бастап келеді. Марка ақпанда 3 612 (2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда +329%) моделін сатты. Hyundai дилерлері 3 458 (+55,4%) машина өткізді. 1815 автомобилі иесін тапқан Kia (+122,7%) үштікті түйіндеп тұр. Toyota модельдік топтамасына RAV4-ті қайтарған еді, бұл марка саудасына оң әсер етті – 873 дана (-8,5%). Ал 667 машина сатқан Chery бесінші орынға тұрақтады.

Әрі қарай тізімде Exeed (370), Haval (352; +147,9%), Jac (322; +114,7%), Changan (247) және Lexus (237; +41,9%) бар.

Модельдер қатарында 2652 данасы өткен Chevrolet Cobalt оқ бойы озық тұр. Екінші орын Hyundai Tucson (1293) еншісінде, ал үшінші орынға Chevrolet Nexia (710) жайғасты. Одан бөлек тізімде Hyundai Elantra (580), Kia Sorento (553), Kia Sportage (531), Hyundai Santa Fe (520), Hyundai Accent (452), Kia Ceed (303) және Hyundai Sonata (292) орналасқан.

2023 жылдың қаңтарында Қазақстанда 9 106 көлік құрастырылған. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың алғашқы айымен салыстырғанда 31,6% көп. 

Сонымен қатар, Қазақстан автонарығында қытайлық көліктердің қатары артып келеді. Былтыр қытайлық өндірушілер ҚР автонарығындағы үлесін үш есе арттырды: 2021 жылғы 4%-дан 2022 жылы 11%-ға дейін жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз