Жаңалықтар

Биыл Ironman жарысына қатысушылар 1 млн теңгеге дейін тегін сақтандыру ала алады

Ironman Қазақстан мен Freedom Finance Life меморандумға қол қойды. Фото: Алиша Шашакина

Freedom Finance Life сақтандыру компаниясы биыл 2 шілдеде Қазақстанда өтетін Ironman триатлон жарысының негізгі серіктестерінің біріне айналды. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ironman жарысының Қазақстандағы директоры Алексей Сидоренко мәлімдеді.

«Мен әуесқой спорттағы үлкен қамалды алғанымызды және Қазақстандағы компаниялардың біздің іс-шараға назар аудара бастағанын баса айтқым келеді. Осы ретте мен Freedom Life 70.3 жарысын қолдауға дайын екенін мақтанышпен хабарлаймын. Бұл шараны бірлесіп өткіземіз», деді Сидоренко.

Оның айтуынша, Ironman қазір ірі бизнесмендердің бас қосатын және жаңа өнімдерін таныстыра алатын алаңға айналған.

Freedom Finance Life ӨСК басқарма төрағасы Азамат Ердесов атап өткендей, өмірді сақтандыру компаниясы үшін мұндай спорттық іс-шараның бас демеушісі болу – үлкен мәртебе.

« Freedom Sport сақтандыру өнімі аясында біз жарысқа қатысушылардың әрқайсысын 1 миллион теңгеге дейін сақтандыратынымызды хабарлаймын. Демеушілік пакетіміздің бір бөлігі ретінде сындай қызмет ұсынамыз. Қатысушылардың бәрінің «аяғы жеңіл, бастамалары сәтті болсын» дегім келеді», деді Азамат Ердесов.

Тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Жарыс қатысушылары үшін Freedom Life-тен сақтандыру тегін. Бұған дейін олар 5-12 долларға арасында өз қалтасынан төлейтін еді.

«Бұған дейін шара барысында спортшыларға өздерін сақтандыруды ұсынған едік. Келушілердің көпшілігі саяхат сақтандыруын алады. Жарысқа қатысатындар қандай да бір форс-мажорға тап болса, кез келген сақтандыру компаниясында бір күндік сақтандыру жасата алады. Биыл Freedom Life қатысушылардың бәріне осындай жағдайдан бір күндік сақтандыруды ұсынады. Біз ешқандай пакет ұсынбаймыз, арнайы шара өтетін күн – 2 шілдеге ұсынамыз», деді Алексей Сидоренко.

Оның айтуынша, жарысқа тіркелу Наурыз мейрамында ашылмақ, нақты күні кейінірек белгілі болады. Қатысушылар стартқа екі-үш апта қалғанда бағыты, жеке нөмірлерді алатын орын және т.б. туралы барлық қажет ақпаратты алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы маршрутта айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жарыс бұрынғыдай Астанадағы Триатлон саябағынан басталады. Болжам бойынша биыл 1,8 мыңнан астам адам қатыспақ.

Ironman – кейінгі бес жылда Қазақстан астанасындағы ең ірі және көптен күткен спорттық іс-шараларға айналған халықаралық триатлон жарысы. 2022 жылы Ironman Астанада 56 елден келген 2,2 мың спортшының басын қосты. Оның ішінде 1,6 мың қатысушы стартқа шықты. «Жартылай» Ironman слотының құны 300 долларды, толық қашықтық шамамен 700 долларды құрайды.