Назарбаев кеңсесінің тағдыры заңда белгіленген тәртіп бойынша шешіледі – Әділет министрлігі

Жарияланды
 Назарбаев
Назарбаев кеңесіне қаржы қайта бөліне ме? Фото: kursiv.media

ҚР Тұңғыш Президенті Кеңсесінің қызметі туралы жарлық күшін жоймаған. Бұл мекеменің алдағы тағдыры заңда белгіленген тәртіппен шешілмек. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі жолдаған сауалға Әділет министрлігі осылай жауап берl3.

«Конституциялық заңның Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі қызметіне қатысты нормалары күшін жойды. Бұл ретте Қазақстан Президентінің 2019 жылғы 19 наурыздағы «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Іс Басқармасы туралы» жарлығы әлі өз күшінде, оның күшін жою үшін тиісті нормативтік құқықтық акті қабылдау қажет», деп жауап берген министрлік.

Ведомствода нормативтік құқықтық актінің күшін жоюға «осы актіні қабылдаған органның немесе басқа уәкілетті органның актіні жарамсыз деп тануы» негіз болатын атап өтті.

«Осыған байланысты қазіргі уақытта кеңсенің болашақ тағдыры туралы мәселе заңда белгіленген тәртіппен қаралып жатыр. Айта кету керек, бұл мәселені шешу кешенді көзқарасты және тиісті шараларды қабылдауды талап етеді», деді ведомство басшысы.

«Сонымен қатар кеңсе қызметін қаржыландыруға тиісті қаражат конституциялық заң өз күшін жойғанға дейін бөлінгеніне назар аударамыз. Осыған байланысты қаржыландыру мәселелері де белгіленген тәртіппен қаралып жатыр», деп атап өтті министрлік өкілдері.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков журналистерге Назарбаевтың кеңсесін ұстауға 2023 жылы бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге дейін бөлінгенін айтқан.

Тұңғыш президент кеңсесін құру туралы жарлыққа Назарбаев 2019 жылы отставкаға кетер алдында қол қойған.

2023 жылдың ақпанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыз