Сенатта «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобалары қаралып, қаулы қабылданды.
Қаулы негізінде Конституциялық заңға қатысты біршама өзгерістер енгізілді. Онда судьялардың тең мәртебесін қамтамасыз ету, судьяларға әкімшілік қысым көрсету құралдарын алып тастау, судьяларды сайлау элементтерін енгізу, Жоғарғы Сот Кеңесінің рөлі мен мәртебесін нығайту сынды мәселелер қамтылды. Заң негізінде судьялардың сот төрағаларына тәуелділігін азайта отырып, олардың тең мәртебесі қамтамасыз етілмек.
Сондай-ақ бұдан кейін судьяларға тек Бас Прокурордың санкциясымен ғана арнайы жедел-іздестіру шаралары жүргізілетін болады. Бұл судьяларға жасалатын қысым тетіктерін азайтады деп сенеді.
«Бүгінде құқық қорғау органдарының судьяларға ықпал етудің өзіндік құралдары бар. Олар кез келген судьяға қатысты қылмыстық іс қозғалмай жатып, арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізуге құқылы. Ол үшін облыс прокурорының санкциясын алса жеткілікті еді. Солайша құқық қорғау органдары судьяның жеке өмірі туралы деректер жинай алатын. Сондықтан судьялардың олардан қорқуына негіз бар. Сондықтан да Сенатта талқылау кезінде судьяларға қатысты тек Бас Прокурор тарапынан санкция қабылдануы тиіс деген шешім тұжырымдамалық тұрғыдан айқындалды», деді Сенатор Андрей Лукин.
Сонымен бірге Жоғарғы Сот Кеңесіне сот кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру, жас шегін ұзарту, жұмыс істеп жүрген судьялардың өкілеттіктерін уақытша тоқтау және толық тоқтату функциялары да қарасатырылған.
«Аудандық соттар төрағаларының лауазымдарына кандидатураларды судьялардың өздері іріктеу кезінде сайлау тетіктерін қолдану – аудандық соттар төрағаларының лауазымы беделін өсіреді және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бос лауазым орындарын лайықты кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін де шешеді деп ойлаймын. Ал кадрлық және ұйымдастыру сипатындағы өзге де мәселелерді Жоғарғы Соттың құзыретінен Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беру – сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені бұл заң сот жүйесіне сот төрелігін жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударуға жағдай жасайды. Заң жобасын қабылдау Президенттің Жолдауы шеңберінде өткізілетін реформаларды іске асыруға және қоғам талабына жауап беретін судьялар корпусының жай-күйін жақсартуға септігін тигізеді», деп қорытындылады Сенатор Советбек Медебаев.