Махачкала арқылы экспорттау үшін Ақтау портынан 326 мың тонна мұнай жөнелтілді

Жарияланды
мұнай
326 мың тонна мұнай экспортқа жөнелтілді. Фото: shutterstock.com

Қаңтар-ақпан айында 325,9 мың тонна қазақ мұнайы Ақтау порты арқылы Махачкала порты бағытына жөнелтілді. Одан ары қарай мұнай «Махачкала – Тихорецк – Новороссийск» мұнай құбырымен тасымалданады. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» компаниясы хабарлады.

«2023 жылдың қаңтар, ақпан айында «ҚазТрансОйл» АҚ 325,9 мың тонна қазақстандық мұнайды Махачкала порты бағытында, одан әрі қарай «Махачкала – Тихорецк – Новороссийск» мұнай құбырымен айдау үшін Ақтау порты арқылы жөнелтті», делінген хабарламада.

Мұнайдың бұл транзиті Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісім аясында жүзеге асырылады.

«ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді. 

Соңғы уақытта мұнай тасымалын әртараптандыру өзекті болып тұр. Еуропаға бағытталған мұнайды Ресейді айналып өтіп тасымалдау жолдары қарастырылып жатыр.

Бүгін ҚазМұнайГаз басшылығы Қазақстан наурыз айында Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша тасымалдау үшін Әзірбайжанға мұнай жөнелтуді бастайтыны мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз