«ҚазТрансОйл» АҚ наурыз айында 25 мың тонна ресейлік мұнайды Өзбекстанға тасымалдауды жоспарлап отыр. 2023 жылы жалпы 250 мың тонна мұнай жеткізілмек, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткен мұнай жеткізу кестесіне сәйкес, наурыз айында «ҚазТрансОйл» АҚ 25 мың тонна ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасы аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына «Омбы – Павлодар – Шымкент – Шағыр мұнай құю тірегі» (темір жол цистерналарына тиеу) арқылы жеткізуді жоспарлап отыр», делінген хабарламада.
2023 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Өзбекстан Республикасына ресейлік мұнай транзитінің жалпы жоспарлы көлемі 250 мың тоннаны құрайды.
Бұған дейін компания 325,9 мың тонна қазақ мұнайын Ақтау порты арқылы Махачкала порты бағытына жөнелтілгенін хабарлаған еді. Одан ары қарай мұнай «Махачкала – Тихорецк – Новороссийск» мұнай құбырымен тасымалданады.