Өңірлерді дамытуға 7,2 трлн теңге бөлінеді

Жарияланды
фото kursiv.media

Биыл республикалық бюджеттен өңірлерді дамытуға жалпы шығыстардың 32% бағытталады. Cенаттың жалпы отырысында 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы қаралды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

«Биыл республикалық бюджеттің параметрлеріне келсее, бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн теңге болды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде сақталды.
Республикалық бюджеттің шығысы 22,5 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жалпы шығыстың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн теңгені құрады», – деді премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, біріншіден, президенттің Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасы шеңберінде айтылған бастамаларды, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде берілген тапсырмаларды іске асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінеді.

Бұл өңірлерді қолдауға, ауыл шаруашылығын, көлік инфрақұрылымын және өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік саланың жекелеген бағыттарына көзделген шығыстар.

«Сондай-ақ бұл бағыт аясында жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға – 144 млрд теңге, қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға – 126 млрд. теңге қарастырылған», – деді үкімет басшысының орынбасары.

Тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақы беруге 92 млрд теңге көзделеді.

Екіншіден, басқа да бірқатар маңызды міндетті іске асыруға 186 млрд теңге бағытталады.

«Бюджетті қайта қарау нәтижесінде экономиканың нақты секторы мен өңірлерді қолдауға ерекше мән берілді. Мұны шығыстың құрылымының өзгеруінен байқауға болады.
Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге көзделген. Тиісінше, шығыстың жалпы көлеміндегі бұл бағыттың үлесі 5,3%-ке ұлғайды.
Нәтижесінде аталған салаға арналған шығыс 3,5 трлн теңге немесе жалпы шығыстың 15,6% мөлшерінде жоспарланып отыр. Бұл орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер ететін болады», – Ерұлан Жамаубаев.

Әлеуметтік саланың шығысы 298 млрд теңгеге ұлғайтылды және 8,5 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығысының 37,5%-ін құраған.

Қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің жалақысын көтеруге және колледж студенттердің стипендияларын ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, жәрдемақылардың мөлшерлерін арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға бағыттады.

«Күштік құрылымның шығысы 317 млрд теңгеге өсіп, 2,5 трлн теңге көлемінде жоспарланған.
Нақтылау кезінде ағымдағы жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығысының 32% бағытталады», – деді қаржы министрі.

Сондай-ақ оқыңыз