Қала құрылысы кадастры – аумақтардағы құрылысты басқарудың тың тетігі

Жарияланды

Елімізде аумақтардағы құрылыс нысандарына мемлекеттік басқаруды іске асыру халықтың өмір сүру сапасы мен тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды элементтердің бірі саналады.Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл ретте Қазақстандағы құрылыс кешені көп салалы екенін айта кетейік. Оның тиімді қызметі құрылыс субъектілерінің мәліметтерді дұрыс пайдалануына байланысты. Озық технологиялардың даму қарқыны республикадағы аумақтарды жоспарлау жөніндегі деректерді цифрлы басқаруға мүмкіндік беріп отыр.

Айталық, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының аумақтардағы құрылысты басқару бойынша цифрлы тиімділігі көп. Бұл автоматтандырылған жүйеде инженерлік инфрақұрылым нысандары жөнінде, қала құрылысы жобалары, жоспарланған және жұмыс істеп тұрған құрылыс нысандары мен басқа да мәліметтер қамтылған.

Аталған жүйе қолданыстағы, сондай-ақ жоспарланған және жобаланған құрылыс нысандары туралы кеңістіктегі ақпаратты көруге мүмкіндігі қарастырылған геоақпараттық мәліметтер базасын тұрады. Осындай деректердің негізінде жергілікті атқарушы органдарға және әлеуетті инвесторларға қалыптасқан жағдайға сәйкес өз қызметтерін жоспарлап, құрылысқа қажетті мөлшердегі қаражатты жұмсауға жол ашылады.

Осы орайда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы шеңберінде мемлекеттік қала құрылысы кадастрын толықтыру процестерін цифрландыру жөніндегі нормаларды регламенттеу бөлігінде түзетулер пысықталып жатқанын айта кету керек.

Қала құрылысы кадастрын аталған саладағы қажетті шешімдерді оңтайлы қабылдаудың цифрлы құралы ретінде ескерсек, сәулет және қала құрылысы органдарына, сонымен бірге бизнес пен халыққа ашық әрі шынайы ақпаратқа қол жеткізу жолдары қарастырылмақ. Бұған қоса сәулет және қала құрылысы саласында да қызмет көрсетудің ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ оқыңыз