Жаңалықтар

TikTok кімге бұйырады? Компания сатып алушы іздеп жатыр – дереккөз

tiktok
Фото: Pixabay.com

TikTok басшылығы АҚШ-та бұл қосымшаны тиым салу туралы америка өкіметінің бірқатар мәлімдемелерінен кейін, әлеуметтік желіні сату туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, деп жазады New York Post ақпаратқа қанық дереккөздерге сілтеме жасап.

«TikTok 2020 жылы президент Дональд Трамп қосымшаға тиым салатыны туралы мәлімдеме жасаған кезде, сатып алуға ықылас танытқан компаниялар арасынан ықтимал үміткерлерді қарастырып жатыр», деп хабарлады дереккөз.

Дегенмен, басылымға ақпарат берген жан TikTok дәл қазір келіссөздерді қалай жүргізіп жатқанын нақтыламаған. 2020 жылы Трамп әкімшілігі ұйымдастырған келіссөздер кезінде TikTok-тың АҚШ-тағы еншілес компаниясын сату мәселесі Oracle және Walmart компанияларымен талқыланған еді. Бұл компаниялар өз кезегінде пайдаланушылардың жеке деректерінің құпиялылығын қадағалап және контентке модерация жасамақ болған еді.   

New York Post ақпаратына сәйкес, 23 наурыз күні TikTok басшысы Шоу Цзы Чу АҚШ Конгресіндегі Өкілдер палатасының энергетика және сауда комитеті алдында компанияның Қытай билігімен байланысы туралы баяндама жасайды.

TikTok қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі. Қытайдың өзінде әлеуметтік желі  Douyin деп аталады. Қытайдың цензураға қатысты шектеулеріне сәйкес, өз серверімен жұмыс істейді.

Әлеуметтік желінің халықаралық нұсқасы 2017 жылы күзде іске қосылды. Алайда, ұзақ уақыт өтпей АҚШ-та түйткілге тап болып, 2019 жылдың желтоқсан айында, пайдаланушылардың жеке деректері ұрлануы мүмкін деген күдікпен,  Америка әскері өз қызметкерлеріне TikTok қолдануға тиым салды. 2020 жылдың қаңтар айында АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ішкі Қауіпсіздік министрлігі де өз қызметкерлеріне осындай тиым салды.

TikTok АҚШ-тың қазіргі билігі де қысым көрсетіп келеді. 2022 жылдың соңында АҚШ Конгресі бұл әлеуметтік желіні федералды үкіметтің электронды құрылғыларында және телефондарында қоллануға тиым салды. Джо Байден әкімшілігі TikTok-тың қытайлық иелерінен оның үлесін сатуды талап етіп отыр. Олай болмаған жағдайда әлеуметтік желіге АҚШ-та тиым салынуы мүмкін. Ал, аталған компания басшылығы TikTok-тың негізін қалаушыларға оның 20% акциялары тиесілі екенін, қалғандары қызметкерлер (20%) мен инвесторлар (60%) арасында бөлінгені туралы мәлім етті.

Сондай-ақ, TikTok компанияны күштеп сату проблеманы шешпейтінін айтып, АҚШ-тағы контент пен пайдаланушылардың жеке деректеріне Қытай үкіметінің ықпалын немесе қол жеткізуін болдырмас үшін, қорғау бағдарламасына 1,5 млрд доллар жұмсауға уәде беріп отыр.