Жаңалықтар

1 сәуірден бастап аяқ киімді таңбалау талабы енгізіледі: кәсіпкерлер үшін не өзгереді?

Фото: kursiv.media

2023 жылдың 1 сәуірінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға рұқсат етілген кезең аяқталады. Кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуірінен 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды. Аяқ киіммен айналысатын кәсіпкерлер үшін не өзгереді, ережелерді бұзғаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған және аяқ киімді бөлшек бақылау жүйесінде неліктен тіркеу қажет?

Аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау және қадағалау 2021 жылдың 1 қарашасында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен енгізілді. Мұның аясында елге кіретін әрбір өнім туралы ақпарат тіркеледі және бірегей деректер матрицалық код арқылы қадағаланады. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету.

Бізде таңбалау және қадағалау жүйесі үш өнім тобына қолданылады: темекі аяқ киім және дәрілік заттарға. Мамандар аяқ киім айналымын цифрландыру қажеттілігін Қазақстанда бұл тауардың көлеңкелі айналымының үлесі 48 пайызды құрап тұрғанымен түсіндіреді. Яғни әрбір екінші жұп аяқ киім елге заңсыз әкелінеді. Олардың басым бөлігі Қытайдан келеді.

2019 жылдың 30 маусымы мен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Қазақстанда аяқ киімді таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Жобаға аяқ киім саласынан 19 қатысушы – 5 өндіруші-дистрибьютор, 13 импортер-дистрибьютор және 1 уәкілетті экономикалық оператор (көтерме және бөлшек сауда компаниялары) қатысты.

Жоба барысында:

  • физикалық таңбалау;
  • кодтарды құрастыру және беру;
  • нарық қатысушыларының деректер базасымен жұмысы;
  • сауда нүктелері мен тұтынушылардың таңбаланған аяқ киімді сканерлеуі;
  • дерекқордың жұмысын қадағалау;
  • тұтынушыларға арналған мобильді қосымшаны әзірлеу;
  • қабылдау және тауарды беру және айналымнан сатылған бірліктердің кодын шығару сияқты техникалық аспектілер пысықталды.
  •  

Ал 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау ҚР заңнамасында бекітілген міндетті талапқа айналды. Алайда кәсіпкерлер әлі де ықылассыздық білдіріп, жеңілдік сұрап отыр, ал қадағалаушы мемлекеттік органдар кәсіпкерліктің өтініші бойынша нормативтік құқықтық актілерге жеңілдіктердің басым бөлігін қолда енгізді. Мысалы, 2022 жылдың 1 сәуірінен 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор қалдықтарды таңбалау жүйесінде тіркелген кәсіпкерлерге тегін таңбалау кодтарын үйлестіріп берді.

Сондай-ақ, аяқ киімді импорттаушыларға 2023 жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстан Республикасындағы өз қоймаларында кедендік ресімдеуден кейін аяқ киімге таңбалауды жүргізуге рұқсат берілді. Бизнестің сұранысы бойынша жүйенің функционалдығы бірнеше рет өзгертіліп бейімделді. Сонымен қатар кері байланыс алу және жинау үшін тұрақты негізде оқыту шаралары, жеке консультациялар және кәсіпкерлермен «тікелей» кездесулер өткізілді.

Бізде аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау енгізілген күннен бастап 1,5 жыл ішінде 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша тауар айналымына 2,8 мыңнан астам қатысушы (оның ішінде 115 өндіруші, 774 импорттаушы және 1602 бөлшек сауда, 341 көтерме сауда өкілдері), өнім каталогында 1 226 725-тен астам өнім картасы тіркелген. Осының барлығы бизнестің аяқ киімді таңбалау жобасына қатысуының жоғары динамикасын айғақтайды.

«Біз аяқ киім өнімдерін таңбалауды енгізудің басынан бастап, атап айтқанда 2021 жылдың қарашасынан бастап тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде жұмыс істейміз. Таңбалау процесінің барлық кезеңдерін қарастырдық және барлық процедураларға сәйкес бірқалыпты жұмысты орнаттық. Осының арқасында 2023 жылдың 1 сәуіріне дайынбыз, өйткені біз таңбаланбаған аяқ киімнің барлық қалдықтарын толығымен таңбалап сатып жатырмыз. Өнімді таңбалау жүйесін оң бағалаймыз және аяқ киім нарығындағы бәсекелестік әділ болады деп үміттенеміз», дейді «Каспий-обувь» ЖШС басшысы Лариса Ситарова.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының заңнамасында аяқ киім өнімдерін таңбалау және қадағалау ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар қарастырылмаған. Мамандардың айтуынша, цифрлық таңбалауды және қадағалауды енгізу нәтижесінде ресми аяқ киім импорты 13 миллион жұпқа (30%) өсті (37,2 миллион жұптан 53,1 миллион жұпқа дейін). Сондай-ақ тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелген аяқ киім кәсіпкерлерінен түсетін салық түсімдері 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 55%-ға, ал 2022 жылдың 11 айында салық түсімдері 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе өскен.