Алтын қымбаттап барады. Қазақстанда оның қанша қоры бар?

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Алтын бағасы қымбаттап барады. Дүйсенбі күнгі нарықтағы деректерге сәйкес, бағалы металл унциясына 1980 доллардың айналасында саудаланып жатыр. Алтын бағасының өсу тенденциясы 17 наурыздан басталған болатын. Ал, ақпан айының соңында және 8 наурыз күні алтынның троя унциясы 1814 доллар болған еді. Сарапшылардың дерегінше осы уақыт аралығында алтынның бағасы 10,3%-ға дейін қымбаттаған. Ал, Ұлттық банктің дерегінше, алтын унциясы 28 605.79 теңге.

Қаржы саласының мамандары бұған қатысты түрді болжам айтуда. Соның ішінде, АҚШ пен Еуропадағы банктерге қатысты жағдай басты себеп ретінде аталып отыр. АҚШ-та ірі банктің банкрот болуы елдегі өзге де кіші-гірім банктерге қауіп төндіргені белгілі. Ал, Швейцария билігінің араласуымен Credit Suisse жабылудан аман қалды.

Ал, Forbes дерегінше, ресейлік қор нарығынджа алтын өндіретін компаниялардың акциясы қымбаттаған.

Самұрық-Қазына әл-ауқат қоры еліміздің алтын қорына қатысты ақпарат жариялады. Еліміз алтынның мемлекеттік резерві бойынша әлемде 15-орында. Елдегі бағалы металлдың қоры 351,67 тоннаны құрайды.

Компания ақпаратына сәйкес, елімізде 2013 жылдан бері «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты бар. Ол, Самұрық-Қазына тобына кіреді. Зауытта бағалы металлдар өзге қоспалардан ажыратылып, күміс пен пробасы жоғары алтын алынады. Зауыт Қазақстанның алтынвалюта қорын толтыру бағытындағы стратегиялық міндетті орындайды. Оның өнімін Ұлттық банк сатып алады.

«Тау-Кен Алтын» құрамында 10%-дан жоғары бағалы металлдары бар шикізатты сатып алады. Бұл минералды шикізат немесе екінші өңдеуден өтетін шикізат. Зауыттың аймағында бұл шикізатты тексеруге арналған маманданған зертхана жұмыс істейді. Бағалы металлдар электр тоғы және қышқылдардың әсерімен қоспалардан арылтылады. Осыдан кейін, 1250°C градустағы жалынсыз индукциядық пештерде құйма болып құйылады.

Аталған зауыт 99,99 пробалы алтын өндіреді. Алтын халықаралық стандарт бойынша 12 келілік құйма мен зергерлерге арналған гранулада әзірленеді. 2022 жылы зауыт 55,6 тонна алтын өңдеген, яғни, 4630 құйма шығарған.

Ұлттық банк ақпан айында Қазақстанның алтын-валюта резерві 2,2 млрд АҚШ долларына азайғанын хабарлады. Оның көлемі 34,6 млрд АҚШ долларын құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз