Credit Suisse-ті UBS банк сатып алды

Жарияланды
Credit Suisse
Credit Suisse / Shutterstock

Credit Suisse банкроттықтан аман қалды. Оны швейцариялық реттеушілердің қысымымен UBS сатып алды. Алайда АҚШ-тағы 186 банкке осындай қауіп төніп тұр.

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Швейцарияның Ұлттық банкі елдегі ең ірі екі банк – UBS және Credit Suisse біріккенін хабарлады: мәміле сомасы $2 млрд-тан асады. Келіссөздер бейсенбіден бері жүргізілген.

The Financial Times басылымының жазуынша, алдымен UBS Credit Suisse-ті $1 млрд-қа сатып алуды ұсынған. Мәміле Швейцарияның Ұлттық банкі және FINMA қаржы ретеушісі ұйымдастырған. Басылым тағы бір әлеуетті сатып алушы ретінде BlackRock инвестициялық компаниясын атағанымен оның өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Еуропалық БАҚ-та келіссөздерге қатысушылар арасында Deutsche Bank да аталды.

Bloomberg басылымы UBS-тің жексенбідегі ұсынысы бастапқыда қабылданбағанын жазады. Credit Suisse бұл соманы азсынған, оның ағымдағы нарықтық бағасы 8 миллиард доллар еді. . Бірнеше күндік келіссөздерден кейін қос тарап ымыраға келген: Credit Suisse акционерлері $2 млрд алады. Ал біріккен соң банк өтімділікті сақтау үшін жеңілдік шарттарымен 100 млрд франк несие алады.

Елдің Ұлттық банкі мәмілені Швейцария, АҚШ және Еуропа мақұлдағанын айтты. Швейцария президенті Ален Берсет «Credit Suisse-ті UBS-тің басып алуы қазіргі жағдайда ең жақсы шешім» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз