Президент елордада Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі

Жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

«Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл.

Еліміз Әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарханнан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген. Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы»- деді Мемлекет басшысы.

«Мен дәл бір жыл бұрын тың бастама көтердім. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар ұсындым. Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жоспарымызды бір жылда табысты жүзеге асырдық.

Референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды саяси шаралар іске асырылды»-деді Президент.

«Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты.

Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар»-деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бірлік түбі – береке» дейді халқымыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді.

Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын!

Биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін!

Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!»

Сондай-ақ оқыңыз