Жаңалықтар

АЭС-тің қандай пайдасы бар: 4,5 грамм ядролық отын 350 кг мұнайға немесе 400 кг көмірге тең энергия бөледі

Фото: www.shutterstock.com

Ақпанның соңын ала елімізге МАГАТЭ миссиясы мен халықаралық сарапшылар келіп, Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымы, соның ішінде алғашқы АЭС құрылысы бойынша ахуалмен танысты. Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, аталған миссияның мақсаты – халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу арқылы Қазақстанға ядролық-энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді есеп әзірлеуде қолдау көрсету.

Айта кету керек, МАГАТЭ-нің басшылық қағидатына сәйкес, кешенді есеп I кезеңге – ядролық-энергетикалық бағдарламаға қатысты саналы міндеттеме алуға дайын болуға сәйкес келеді және ядролық-энергетикалық бағдарламаны жүзеге асырудың негіздемесі мен стратегиясын қамтиды.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, миссия шеңберінде сарапшылар Қазақстанның ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде нормативтік құқықтық актілерді дайындау деңгейін, АЭС құрысының орнын таңдау және мамандарды дайындау туралы ой-пікірлерімен бөліскен.

«Қазіргі уақытта, ядролық-энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың кешенді есебі әзірленіп жатыр. Аталған есеп . 27-31 наурыз аралығында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің және халықаралық сарапшылардың негізгі INIR миссиясы шеңберінде қарастырылады», делінген министрлік жауабында.

Сондай-ақ вице-министр қазір Энергетика министрлігі атом электр станциясын салу бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік мүдделі ұйымдармен Қазақстан Республикасында АЭС салу бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендірді. Қазіргі уақытта министрлік «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҚАЭС» ЖШС бірлесіп қауіпсіздік, атом-энергетика секторын дамытуды қолдау, технологиялар трансферті мәселелерін қоса алғанда, АЭС салу жобасын іске асыру бойынша ұсынылатын шарттарды талқылау бойынша Қытай, Франция, Оңтүстік Корея және Ресейдің ядролық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерімен, кадрларды даярлаумен және елдің ұлттық мүдделерін сақтай отырып жобаны қаржыландыру мәселелері тұрақты негізде кездесулер өткізеді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес атом электр станцияны салуға шамамен 10-11 жыл кетеді. Ағымдағы жылы реакторлық технологияны таңдаған жағдайда, Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын пайдалануға беруді 2035 жылға дейін күтуге болады», дейді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, АЭС салу – жалпы ішкі өнімнің өсуіне, өңірдің және елдің экономикасын дамуына, энергетикалық өндірісті әртараптандыруға, қоршаған ортаға зиянды заттар шығарындыларын азайту есебінен экологиялық жүктемені азайтуға және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына оң әсерін тигізеді.

«Атап айтқанда, атом энергиясын тұтынудың 1%-ға өсуі орта есеппен елдің жалпы ішкі өнімін 0,32%-ға арттырады. АЭС-тегі бір жұмыс орны ілеспе салаларда 20-ға дейін жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Ядролық отын таблеткасының салмағы – небәрі 4,5 грамм, бірақ энергетикалық әсері 350 кг мұнайға немесе 400 кг көмірге тең энергия бөледі. Қазақстан жерінің уранға бай екенін ескере отырып, АЭС-ті отынмен қамтамасыз етуге қазақстандық уранды пайдалана отырып отандық ядролық отынды өнідруге және дайын өнімді басқа елдерге экспорттауға мүмкіндік береді», дейді Жандос Нұрмағанбетов.

Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, АЭС салу энергетика саласында үлкен серпіліс тудырып, нарық пен халық үшін тиімділік орнатады. Әрі АЭС үшін жеткілікті шикізат, яғни уранның мол қоры да бар.

Әзірге АЭС салынатын ықтимал орын ретінде Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үлкен елдімекені таңдалып отыр.