Әсіметұлы Қуаныш: Өндірісте күніне 400 жұп отандық аяқ киім шығарамыз

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock.com

Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде аяқ киім шығарумен айналысатын шағын кәсіпорындар бар. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері де отандық аяқ киім шығару саласын қолға алған кәсіпкер. Әсіметұлы Қуаныш түрік технологиясы негізінде отандық әйелдер мен ерлерге, жасөспірімдер мен  балаларға арналған аяқ киім өндіреді. Оның барлық топтамалары таза былғарыдан жасалған. Қарамағында 30 жұмысшысы бар. Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде оның қолынан шыққан аяқ киімге деген тапсырыс берушілердің де қарасы артып келеді.

– Бизнестегі алғашқы қадамыңызды қашан бастыңыз?

– Отандық аяқ киім кәсібін қолға алғаныма 8 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда бірнеше өндірісті қатар алып жүрген жайым бар. Оның ішінде – отандық аяқ киім, мәсі, ертоқым және қазақ үйдің жапқышын тігеміз. Шындығын айтсақ, Қытайдан келетін аяқ киімдердің сапасы сын көтермейді. Ал біздің еліміздегі тұрғындардың көбісі Қытайдан келген аяқ киімдерді киеді. Бұл аяқ киімдер адамның денсаулығына зиян келтіретін материалдардан жасалатыны анық. Міне, сол кезде менің ойыма неге таза былғарыдан сапалы және халықтың қалтасына қолжетімді етіп аяқ киім шығармасқа деген ой келді. Сөйтіп табаны сиыр мен қой терісінен жасалатын аяқ киім өндіруді бастадым. Бұл аяқ киімдердің бастысы ерекшеігі – қыста аяққа су өткізбесе, жазда терлетпейді. Сондай-ақ, жағымсыз иіс шығармайды.

– Бір күнде қанша жұп аяқ киім тігіп шығарасыз? Шикізатты қайдан сатып аласыз…

– Аяқ киімге қажетті материалдарды яғни, шикізатты Қазақстанның арнайы былғары зауытынан алдырамын. Басқа елдерден шикізат іздемейміз. Барлығы таза отандық өнім. Күнінен 400 жұп аяқ киім тігуге мүмкіндігіміз бар. Тапсырыс берушілер мен сұраныс көбейіп келеді. Аяқ киімнің кез-келген түрін тігеміз. Біз өнім түрлерін жыл сайын арттырып отырамыз. Бастапқыда аяқ киімнің  5-6 түрін шығарсақ, бүгінде бұл көрсеткіш оннан асып отыр. Қазірдің өзінде ерлер мен әйелдер, сондай-ақ, жасөспірімдер мен балаларға арналған таза былғарыдан аяқ киім тігеміз. Алдағы уақытта ассортиментті жазғы аяқ киімдермен арттыру ойда бар.

– Қазақстандық өнімге деген сұраныс жоқ деуге болмайды, десек те, олардың дүкен сөрелерінде самсап тұрғанын да көрмейміз. Неге?

–  Барлығы сұранысқа байланысты. Көрші ел бізді отандық өнімнен әлдеқайда арзан тауармен қамтамасыз етіп отыр. Соның салдарынан жергілікті кәсіпкерлер шығынға батып жатқаны да шындық. Қытайдан келген аяқ киімдердің бағасы – 2500-3000 теңге көлемінде.  Халықтың көзі бұл бағаға үйреніп қалған. Бірақ бұл аяқ киімдердің сапасы өте нашар. Қытайдың жасанды дермантинінен жасалған аяқ киімінің бір маусымға жетпей шаруасы бітеді. Иісі де жаман. Ал біздің тігіп шығаратын аяқ киімдерді бірнеше маусым алаңсыз кие бересіз. Біздің аяқ киімдердің сапасына толық кепілдік береміз. Сұраныс көп болған сайын өндіріс те артады. Сол үшін еліміздегі әрбір тұрғын отандық өнімді таңдағаны абзал. Әрине мемлекеттен де қолдау болса нұр үсіне нұр болар еді.

– Сіздер өңдіретін аяқ киімдердің орташа құны қанша теңге?

– Біздегі аяқ киімдердің бағасына келсек, қымбат деуге де, арзан деуге де келмейді. Қолжетімді бағадағы балалар аяқ киімін – 15 мың, әйелдер мен ерлердікін – 18-20 мың теңге аралығында алуға болады.

–  Бизнесті бастауға қанша ақша қажет болды? Тігін станоктары мен цехтің жұмысына тоқталып кетсеңіз?

– 8 жыл бұрын бұл кәсіпті – 2 млн теңге көлемінде қаржымен бастадым. Бұл қаражатқа станок сатып алып, жұмысшы жалдадым. Ал қазіргі таңда өндірістегі станоктардың жалпы құны – 500 млн теңгені құрайды. Құрылғылардың барлығы Қытайдан келеді. Цехта ең алдымен аяқ киімнің үлгісі пішіледі. Одан кейін қолмен былғары мен астары біріктіріліп, станокқа саламыз. Қалған кейбір жерлері қолмен тігіледі. Арнайы температурады қыздырып, аяқ киімді тігіп шығарамыз.

– Тапсырыс берушілерді қалай табасыз? Арнайы жарнама немесе таргет жасайсыз ба?

–  Жоқ біз таргет қолданбаймыз. Әлеуметтік желіде тек Instagram парақшамыз бар. Негізінен сатып алушылар Алматыдағы дүкенімізге келеді. Басқа да ауыл аймақтарды кішігірім дүкендеріміз бар. Тапсырыс беріп, көңілінен шыққан сатып алушылар да, өз туған-туыстары мен таныстарына бізді ұсынып жүреді.

– Бір айда бір дүкеннен қанша теңге пайда түседі?

– Бір айлық тауар айналымы – 3 млн теңге. Бұл бір дүкеннен ғана түсетін қаржы. Сондай-ақ, бір айда 100-150 дана аяқ киім сатамыз.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Жоқ, кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Себебі, ол адамның шыдамдылығы мен алға қойған мақсатына байланысты болады. Егерде адам өзін құрбан ретінде ұстаса, оның ісі алға баспайды. Өзін құрбан (жертва) сияқты ұстаған адам үкіметті де, айналасын да кінәлі көреді. Бұл жерде алдынан шығатын қиыншылыққа төзіп, оны жеңе білетін қасиеті бар адам болуы қажет.

– Қай кезде кәсіптен бас тартқан дұрыс?

– Білмеймін деп, шешім қабылдай алмаған адам кәсіп бастамаса да болады.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз