2023 жылдың ақпан айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 83,0 келі 2 653 алтын құйма сатылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк хабарлады.
Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,0 тонна 117 862 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 30 542 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 26 348 дана (22%), 100 грамдық құйма – 23 975 дана (20%), 20 грамдық құйма – 23 336 дана (20%) және 50 грамдық құйма – 13 661 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады.
Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, құймаларды кері сатып ала алады.
Бағдарлама жүзеге асқалы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 496,2 келі 19 724 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған құймалардың 17%-ы. Кері сатып алынған алтын құймалардың барлығы Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қораппен шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.
Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ банктік емес жекелеген пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.