Электронды платформа қазақстандық өнімдер үшін жаңа нарықтарға жол аша ма?

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2023 жылы Қазақстанда өндірілетін тауарлар бағытталатын нарық айтарлықтай кеңейе түсті. Биыл қазақстандық тауарлар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжаннан бөлек Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам елдеріне экспортталады. Осы мақсатта биыл Alibaba.com платформасына 70 қазақстандық компанияны тарту жоспарланып отыр.

Наурыз айының соңына қарай Alibaba.com платформасына шығуға ниетті кәсіпкерлер үшін вебинар ұйымдастырылады. Онда жаһандық платформада қалай жұмыс істеу керек екенін үйретуге арналған сабақтар өткізілмек.

Қазақстандық кәсіпкерлердің халықаралық электронды платформаларға кіруіне көмектесетін оператор QazTrade болса, ұйымдастырушысы – Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі.

Жалпы, Отандық компанияларды Alibaba электронды платформасына тарту жұмысы 2019 жылы басталған болатын. Ал 2020 жылы 50 компанияға Alibaba платформасындағы аккаунттар алынған. Платформаға тіркелген компанияларға ақылы негізде шоттар ашылып, тексеріліп, шағын сайттар дайындалған. Сонымен бірге іріктеуден өткен компаниялар үшін айына 2 рет платформада жұмыс істеу және өз өнімдерін ілгерілету бойынша оқыту вебинарлары өткізіліп отырған. Онда бірінші кезеңнің операторы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болса, екінші кезеңді жүргізуі QazTrade-ке тапсырылған. Алғашқы жылдары ең көп экспорттық тауарлар бағытталатын елдер арасында Қытай, Германия, Марокко, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина елдері кірген. Ол елдерге біздің кәсіпкерлер бал, жарма түрлерін, ет өнімдерін, май және өзге де ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаған. Нәтижесінде,  қазақстандық компанияларға 500-ден астам сұраныс кеп, түскен.

Екінші кезеңде кәсіпкерлерге Alibaba.com платформасы мен сайт қосымшаларында «Gold Supplier» мәртебесі бар 50 аккаунт сатып алынған. Сондай-ақ кәсіпкерлерге сайтта жұмыс істеуді үйрететін сабақтар өткізіліп, экспорттаушылар АҚШ пен Моңғолия елдерімен 230 мың долларға келісімшарт жасаған екен.

Ал 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттің қолдауымен 200 компания Alibaba.com платформасына шыққан. Оның ішінде 130 отандық компания «Gold Supplier» мәртебесінде 7500-ден астам өнім сатқан. Сол жылдың соңында QazTrade бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлер құны 700 миллион доллардан асатын тауарлар мен қызметтерді жеткізу үшін ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қойған. Онда көп экспортталған елдер қатарында Ресей, Қытай және Орталық Азия, Таяу Шығыс елдері болған еді.

Сонымен қатар 2022 жылы Alibaba.com халықаралық электронды платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылған. ТМД елдерінің ішінде біздің еліміз Ресейден кейін тіркелген екінші мемлекет саналады.

QazTrade компаниясының өкілдері бұл шаралардың өте нәтижелі болғанын айтады. Мәселен, 2022 жылғы статистикаға сенсек, Alibaba.com платформасында қазақстандық компаниялар жалпы 167,7 миллион долларға тауар экспорттаған. Онда Қытай, Македония, БАӘ, Оман және Орталық Азия  сияқты мемлекеттерден сұраныс түскен. Олар пластикалық ойыншықтар, фильтрлер, электр жабдықтары, тоқыма бұйымдары, майлар, астық өнімдері, бал және мұздатылған ет сияқты өнімдерге қызығушылық танытқан.

Сонымен бірге биыл  23 қаңтардан бастап Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің бастауымен ұйымдастрылатын «Экспорттық акселеряция-2023» бағдарламасы негізінде өтініш қабылдана бастады. Шара негізінде экспорттық әлеуеті жоғары 110 қазақстандық кәсіпкер таңдалып алынады. Ал халықаралық платформада жұмыс істеуге ниетті 70 кәсіпкер іріктеліп алынып, оларға «Gold Supplier» мәртебесі бар аккаунттар берілмек. Айта кететін бір жайт, Alibaba.com сайтында «Gold Supplier» мәртебесі бар аккаунттар құны  1 999-6 999 долларды құрайды. Кәсіпкерлерге мұндай мәртебедегі аккаунтты алудағы басты мақсат – біздің экспорттаущыларға жаһандық аудиторияға еркін шығып, тауарларының танымалдығын арттыру.

Бұл сыртқы нарықта жаңа бағыттар тауып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқан мемлекеттік қолдау. Сол себепті де, кәсіпкерлерге оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі.

«Тәжірибелі мамандар экспорттаушыларымыздың кәсібіне диагнотика жасап, оларға ең тиімді нарық бағыттарын ұсынады. Дәстүрлі негізде жергілікті кәсіпкерлеріміз үшін халықаралық кеңесшілермен, қазақстандық экспорттаушыларды қолдайтын мемлекеттік департаменттермен кездесулер ұйымдастырылады», деген журналистерге берген пікірінде QazTrade бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева.

Сондай-ақ оқыңыз