2023 жылғы 1 ақпанда жеке тұлғалардың депозиттері жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,8%-ға азайып, 16,9 трлн теңгені құрады. Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған Қазақстандағы банк секторының жағдайы туралы есебі дәлел.
Теңгедегі депозиттерді қорғау бағдарламасы талаптарының бірі – былтыр есепшотта тұрған ақшаны депозитте 24 ақпанға дейін шешіп алмау болғанына қарамастан, салымдар азайған. Мемлекет бұл шартты орындағандарға 10 пайыз үстемақы төледі. Осы екі жағдайды ескере отырып, Қордың хабарлауынша, Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп жоспарланған 550 млрд теңгенің 306,6 млрд теңгесі ғана төленген.
Екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің жалпы көлемі 1 ақпандағы жағдай бойынша жыл басынан бері 1,4%-ға азайып, 31,14 трлн теңгені құрады. 2022 жылы дәл осындай көрсеткіш 21,5%-ға өсіп, 31,6 трлн теңгеге жеткен.
Қазақстан Ұлттық банкінің 2023 жылғы 1 наурыздағы статистикасына сәйкес, ұлттық валютадағы депозиттер көлемі 2023 жылғы қаңтардың соңымен салыстырғанда 5,3%-ға азайып, 4,28 трлн теңгені құрады.
Шетел валютасындағы депозиттердің көлемі де осындай динамика көрсетті: жалпы депозиттер 6,4%-ға, 2,79 трлн теңгеге дейін қысқарды.
ҚНРДА статистикасына сәйкес, депозиттердің ЖІӨ-ге қатынасы қаңтардың аяғында 13,9% болды, ал бір ай бұрын бұл көрсеткіш 32,8%-ды құраған. Екінші деңгейлі банктердің активтері жыл басынан бері 1,2 пайызға азайып, 44 трлн теңге болды. Олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі бір ай бұрынғы 46,2 пайызбен салыстырғанда, 36,5%-ға дейін азайған. Несие портфелінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі биыл 1 ақпанындағы жағдай бойынша 20%-ды құрады.
Қазақстанда 21 банк бар, оның 12-сі шетелдік акционері бар несие ұйымдары.