Теңгелік депозиттер бойынша 2,6 млн салымшыға төленетін өтемақы қаражаты банктерге түсті

Жарияланды
депозиты
Фото: Аскар Ахметуллин

Теңгелік салымдар бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуге арналған қаражат 2023 жылдың 16 наурызында екінші деңгейдегі банктерге келіп түсті. Екінші деңгейдегі банктер екі жұмыс күні ішінде, яғни 2023 жылдың 20 наурызына дейін тиесілі сыйлықақыны өтініш берген депозиторлардың шоттарына аударады. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) хабарлады. Мемлекет тарапынан 10-пайыздық сыйлықақыны 2 млн 615 мың 772 салымшы алады.

Ақпаратқа сәйкес, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ пен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ қажетті қаражатты банктерге аударды. Аударылған қаражаттардың жалпы сомасы 306,6 млрд теңге болды.

«Өтемақы төлеу рәсімінің аяқталып келе жатқандығын қуана хабарлаймыз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 15 наурызда банктерден салымшылардың ақтық тізілімін алып, оларды операторға жолдады. Жақын күндері банктер төлемдерді толық көлемде аяқтайды», – деді ҚДКБҚ Төрағасының орынбасары Алмас Құдайбергенов.

Айта кету керек, теңгелік депозиттер бойынша 10%-дық сыйлықақы Қаржы министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық Банкінің қаражаттары есебінен төленеді.

Банктер сыйлықақы төлеуге өтініштерді бес ай бойы – 2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың ақпанына дейін қабылдаған болатын. Өтініштерді қабылдау ағымдағы жылдың 10 ақпанында аяқталды.

«Сыйлықақыны есептеу бойынша толыққанды ақпарат алу үшін салымшылар депозиттері ашылған банктерге жүгінулері тиіс», делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз