
Қазақстан банктеріне үшінші тоқсанда ипотекаға 271 мың өтінім түсті. Бұл алдыңғы тоқсаннан 19% көп. Алайда мақұлданған өтінімдердің үлесі 4 п.т.-ға төмендеп, 29% болды. Автонесиеге де өтінім көбейді, бірақ бұл сегментте мақұлдау үлесі 18% деңгейінде қалды.
Ипотека мен автонесиеге өтінім көбейді
Ұлттық Банк сауалнамасында банктер ипотекаға сұраныс әлсірегенін айтқан. Оған ірі банктердің бірінде мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырудың уақытша тоқтауы әсер еткен. Сонымен қатар жинақтаушы ипотекалық бағдарламаның іске қосылуы және кейбір банктердің ипотека беруді қайта бастауы өтінім санын арттырған. Ипотекаға сұралған орташа сома 6%-ға өсіп, 22,7 млн теңгеге жетті.
Автонесиеге түскен өтінім саны 10%-ға өсіп, 1,6 млн болды. Ұлттық Банк мұны кейбір банктердің автодилерлермен жұмысын кеңейтуімен байланыстырады. Клиенттер орта есеппен 7,2 млн теңге сұраған.
Қазақстанда несиеге қанша өтінім түсті?
2026 жылғы III тоқсан. Өзгеріс II тоқсанмен салыстырылды.
Бизнес
Ірі бизнес
229 өтінім −3%
Орта бизнес
5,4 мың өтінім +2%
Шағын бизнес
856 мың өтінім −5%
Халық
Ипотека
271 мың өтінім +19%
Автонесие
1,6 млн өтінім +10%
Кепілсіз тұтыну несиесі
16,4 млн өтінім +3%
Кепілмен берілетін тұтыну несиесі
76 мың өтінім −11%
Тұтыну несиесінде екі түрлі үрдіс байқалды. Кепілсіз несиеге өтінім 3%-ға өсіп, 16,4 млн-ға жетті. Оның 31%-ы мақұлданды. Ал кепілмен берілетін тұтыну несиесіне өтінім 11%-ға азайып, 76 мың болды. Соған қарамастан, сұралған орташа сома 18%-ға өсіп, 14,4 млн теңгеге жетті.
Ірі бизнес аз өтінім берді, бірақ сұраған сомасы 82%-ға өсті
Ірі компаниялардан 229 өтінім түсті. Бұл алдыңғы тоқсаннан 3% аз. Есесіне бір өтінімнің орташа сомасы 82%-ға өсіп, 20,9 млрд теңгеге жетті. Өсімге жекелеген ірі жобалар, соның ішінде энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты өтінімдер ықпал етті.