
Алдағы жексенбі, 29 қарашада ОПЕК+ елдері бас қосып, 2027 жылы кімнің қанша мұнай өндіретінін шешеді. Осы жиын қарсаңында Қазақстан мен Ирак ұйымға өз наразылықтарын білдірді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, аталған екі ел «біздің мұнай өндіру күшімізді тым аз бағаладыңдар, оны қайта есептеңдер» деп талап қойып отыр.
Қазір ОПЕК+ өз тарихында алғаш рет әр елдің нақты қанша мұнай шығара алатынын тәуелсіз мамандарға тексертіп жатыр. 2027 жылғы рұқсат етілген мұнай көлемі (квота) дәл осы есепке қарап беріледі.
Қазақстанның Энергетика министрлігі мұндай тексеріс болғанын растағанымен, нақты қандай шешім шыққанын және енді не істейтіндерін ашып айтпады. Ал Ирактың өндіріс күші күніне 4,9 миллион баррель деп есептелген. Бұған Ирак жағы мүлде келіспей отыр.
Қазір ОПЕК+ осы есепке көңілі толмаған елдермен арнайы сөйлесіп, ортақ мәмілеге келуге тырысып жатыр. Айта кетейік, Ресей, Иран және Венесуэладан басқа елдердің мүмкіндігін америкалық «DeGolyer and MacNaughton» компаниясы есептейді.
Жексенбі күні өтетін төрт бірдей жиын министрлерге оңай болмайын деп тұр, өйткені биылғы шектеулердің уақыты желтоқсанның соңында бітеді.
2026 жылдың басым бөлігінде Ирандағы соғыс кесірінен Таяу Шығыстан мұнай тасымалдау қиындап, ол жақтағы елдер рұқсат етілген мөлшерден аз мұнай өндірген еді.
Енді тасымал қайта жолға қойыла бастағанда, нарықта мұнай шектен тыс көбейіп кете ме деген қорқыныш бар. Осыған байланысты мұнай бағасы да құбылып тұр.
«Rystad Energy» сарапшыларының есебінше, Парсы шығанағынан келетін мұнай толық емес, жартылай ғана қалпына келген күннің өзінде, әлемде күніне 5 миллион баррель артық мұнай пайда болуы мүмкін. Егер ешқандай шара қолданылмаса, қоймалар артық мұнайға толып кетеді.
Мұнай өндіру көлеміне қатысты дау бұрыннан бар. Мысалы, 2024 жылдың басында Ангола осы себепті ОПЕК құрамынан шығып кетті.
Бірнеше ай бұрын Біріккен Араб Әмірліктері де «біз салаға қыруар ақша құйдық, бірақ бізге аз мөлшерде мұнай өндіруге рұқсат бердіңдер» деп ренжіп, ОПЕК пен ОПЕК+ қатарынан кетіп қалды.
Енді Ирак та «егер біздің мөлшерімізді көбейтпесеңдер, ұйымнан шығамыз» деп ескерту жасап отыр. ОПЕК пен тексеру жүргізіп жатқан америкалық компания бұл жағдайға қатысты әзірге тіс жарған жоқ.
Айта кету керек, Қазақстан бұған дейін бірнеше рет ОПЕК+ келісімі бойынша белгіленген квотадан артық мұнай өндірген.