Отбасы банк салымшылары 30% басталатын алғашқы жарнамен құрылыс компаниялары арқылы тұрғын үй сатып ала алады. Бұл жайлы Отбасы банктің Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данагүл Түсіпова мәлімдеді.
Әдетте, коммерциялық нарықтан үй сатып алғанда Отбасы банк 50% бастапқы жарнамен несие береді. Бірақ құрылыс компанияларымен жасалған келісімдердің арқасында, салымшылар бастапқы жарна сомасын 30 пайызға дейін төмендете алады. Алматыда осы әдіс бойынша Отбасы банк клиенттеріне қаланың 10 тұрғын үй кешенінен 850 пәтер ұсынылған. Тұрғындарымыз өздеріне ұнайтын нысанды таңдап, «Баспана Маркет» порталында немесе банк бөлімшесінде пәтер брондатып, несиеге өтініш береді.
Бұл несие механизмі арқылы Алматыда жылдық 7% мөлшерлемемен несиеге пәтер сатып алуға мүмкіндік бар. Ең жоғарғы сомасы 100 млн теңгеге дейін жететін несие 25 жылға беріледі.
«Жыл басынан бері Отбасы банк қызметкерлері 8400 заем берді. Күніне 150-160 адам қолжетімді несиеге өтініш беріп, қоныс тойын тойлайды. Берілген несиенің төрттен бірі Алматыға тиесілі. Сонымен қатар, қала тұрғындары жинақтау үшін және одан әрі тұрғын үй сатып алу үшін күн сайын 100-ден астам жаңа депозит ашады. Олар үшін біз жаңа өнімдер әзірлеп жатырмыз, оның басты құндылығы бастапқы жарнаны 50%-дан 30%-ға дейін төмендету болып отыр. Құрылыс компанияларынан бөлінетін субсидиялар оны азайтуға мүмкіндік береді», деді Данагүл Түсіпова.
Сондай-ақ, Отбасы банк қазақстандық кәсіпорындармен бірге тағы бір өнім дайындаған. «Корпоративтік» деп аталатын бағдарлама арқылы компаниялар өз қызметкерлерінің баспана мәселесін шешуге көмектесе алады. Бүгінгі күні Отбасы банк Алматы қаласындағы бір компаниямен келісімге отырып, оның аясында кәсіпорын 250 млн теңге бөлген. Бұл қаражат Отбасы банкінен ипотекалық несие алатын компания қызметкерлерінің алғашқы жарнасының бір бөлігін жабуға жұмсалады.
«Ынтымақтастық аясында несие мөлшерлемесі 7-8,5% аралығында болады. Бұл ретте компания өз қызметкері үшін бастапқы жарнаның бір бөлігін жинақтауға көмектеседі. Ол 20% немесе тіпті 30% болуы мүмкін. Компанияның мұндай қолдауы жеке баспанаға апарар жолды айтарлықтай қысқартады. Отбасы банкінің «Корпоративтік» өнімі кәсіпорындарға өз қызметкерлерінің баспана мәселесін жылдам шешуіне мүмкіндік береді. Бұл әлеуметтік пакетті нығайтып, құнды кадрларды ұстап қалудың бір жолы. Бүгінгі күні «Корпоративтік» өнімнің көмегімен Қазақстан бойынша 1000-ға жуық адам баспана сатып алуға мүмкіндік алды» дейді Данагүл Түсіпова.
Ал «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл Алматыда 905 пәтер сатылады. Ол пәтерлер көп балалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Оларға арналған баспананы қалалық әкімдік «Жас қанат» шағын ауданынан салған. Олар жылына 2% мөлшерлемемен несие алады. Мемлекеттік бағдарламаның шарттары бойынша бастапқы төлем несие сомасының кемінде 10 пайызын құрайды.
Сондай-ақ биыл Алматыда «Алматы жастары» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. Ол 1100-ге жуық жас азаматты қамтитын болады. Бұл бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы қала әкімдігі мен Отбасы банк қосымша хабарлайтын болады.
Естеріңізде болса, біраз уақыт бұрын Отбасы банк өз салымшыларының депозиттері бойынша өтемақы төлей бастады.
Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне 2,2 трлн теңгеден астам қаржы жиналса, бұл соманың тең жартысы әйелдерге тиесілі.